Асқазан – ішек жолдары қызметінің бұзылуымен байланысты жіті ішек инфекциялары жіті респираторлық вирустық инфекцияларынан кейінгі кең тараған аурулардың қатарында.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемле балалар арасында арасында 1,7 миллиардқа жуық диарея жағдайлары тіркеліп, олардың ішінде 5 жастан төмен балалар арасында 443 832 өлім жағдайларымен аяқталады.
Жіті ішек аурулары – вирустармен, әртүрлі шартты-патогенді флорамен туындайтын, асқазан ішек жолдарының зақымдануымен сипатталатын жұқпалы аурулардың үлкен тобын құрайды.
2024 жылғы 4 ай қорытындысымен облыста жіті ішек аурулары өткен 2023 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11% төмендеп отыр. Ағымдағы жылдың 4 айында жіті ішек инфекцияларының 126 жағдай тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі - 100% тиеді.
Жіті ішек жұқпалы аурулардың негізгі белгілері жүрек айну, құсу, сұйық нәжіс және дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Барлық өткір ішек жұқпалы аурулардың инкубациялық кезеңі (жасырын кезең) бірдей. Бұл ауруды жұқтырғаннан бастап, аурудың алғашқы белгілері білінгенге дейінгі кезең 1 күннен 7 күнге дейін, іш сүзегі кезінде 21 күнді құрайды.
Аталған ауру балалар үшін өте қауіпті – ол баланың арықтауы мен өлуіне әкеп соқтыру мүмкін. Көп жағдайда ағзаның сусындануынан, көп мөлшердегі су мен тұздан айырылуынан туындайды.
Жіті ішек ауруларының қоздырғыштары адам ағзасына лас қолдар, вирустар немесе бактериялармен ластанған су және тағамдар арқылы, жуылмаған жеміс жидектер мен көкөністер, науқас қолданған заттар (ыдыс аяқ, төсек әбзелдері, және т.б. қолданатын бұйымдар) арқылы түседі.
Аурудың саны жаз-күз айларында көбейеді, себебі бұл кезде жеміс-жидектер мен көкөністерді көп мөлшерде қолданылады. Ет және ет өнімдері, сүт, сүт өнімдері, салаттар және крем қосылған өнімдер ішек жұқпаларының өмір сүруіне және көбеюіне қолайлы орта болып табылады.
Жіті ішек ауруларының алдын алу жеке бас гигиенасын сақтауға негізделеді. Жіті ішек ауруларын бекерден лас қол ауруы деп атап кетпеген. Балаларды кішкентай кезінен жеке бас гигиенасына баулуды, тамақ ішер алдында және әжетханадан кейін қолын жууды үйрету керек.
ЖІА алдын алу мақсатында келесі ережелерді сақтау қажет:
- тамақтану алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды сабынмен жуу, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтау;
- ішу үшін тек қана қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
- жеміс пен көкөністі пайдаланудың алдында оларды таза сумен мұқият жуу және қайнатылған сумен шаю;
- сүт, сүт өнімдері, салаттар, крем қосылған өнімдер, тез бұзылатын және дайын тағамдарды тоңазытқышта сақтау;
- азық-түлікті жеке тұлғалардан және сатуға рұқсат етілмеген жерлерден сатып алмау;
- шикі өнімдерді дайындау үшін арнайы тақтай, пішақ сияқты асхана құралдарын пайдалану, шикі өнімдерді піскен өнімдерден бөлек сақтау;
- алдын ала дайындалған тағамдарды дұрыстап қыздырып пайдалану;
- ресми рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу, ашық көз суларында немесе бассейінде шомылу кезінде суды жұтпауға тырысыңыз;
- азық-түлікті сатып аларда міндетті түрде сақтау мерзіміне назар аудару;
- ас бөлмені тазалықта ұстау, үй қалдықтарын уақытылы жою.
Емдеуден гөрі қарапайым профилактика шараларын сақтай отырып аурудың алдын алған жеңіл екендігін есте ұстаңыз!
Инфекциялық және паразиттік
ауруларды эпидемиологиялық
бақылау бөлімінің басшысы
Сарсенғалиева Айнагүл Әділқызы