Жіті ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы ауру

Фото:интернеттен

Жіті ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Ол негізінен бактерия, вирус сияқты микроағзалардан туындайды. Әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде туындауы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе күн суытқанда, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жаз мезгілінде арта түседі. Жұқпалы жедел ішек ауруларынының бас көтеретін мезгілі жаз айлары болып есептеледі. Ішек инфекциясы-жұқпалы ауру .

Аурудың алғашқы белгілері: іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбеттің болмауы, шөлдеуқұсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын жағдай ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан, мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкен жөн. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.

Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.

Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты.

Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, сондықтан аурудың қайталануы әбден мүмкін.

Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ антисанитариялық жағдайлар, жеке гигиена қағидаларын сақтамау, санитариялық қағидаларды сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін тұтыну да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себептері бола алады. Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, іш сүзегі мен паратиф қоздырғыштары сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді. Дизентерия бактериялары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етеді және көбейеді, өзен суында 35 күнге дейін сақталады. Вирустар қоршаған ортаның түрлі нысандарында 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжістерде 7 айға дейін сақталады. 

Балалар арасында жіті инфекциялық диареялардың этиологиялық құрылымы уақыт өте келе өзгереді. Қазір бұл динамика анық байқалып жатыр. Бұған бірнеше себеп бар: тамақ өнімдері өндірісінің жаһандануы, олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдату, балалар тағамы өнімдерін консервілеу және пастерлеу, табиғи экологиялық себептер т.б.

Ішек инфекциялары – кір қолдың ауруы. Оның алдын алу үшін:

жеке гигиена қағидаларын сақтаңыз, тамақ ішердің алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият жуыңыз;

ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз;

пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шайыңыз;

тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдаланыңыз;

тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтаңыз, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбаңыз;

шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолданыңыз, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтаңыз;

үйді, ауланы таза ұстаңыз.

Қарапайым гигиена ережелерін сақтай отырып, жіті ішек инфекцияларымен зақымданудан және аурудан сақтануға болады.ӨЗДЕРІҢІЗДІ ЖӘНЕ ӨЗ ЖАҚЫНДАРЫҢЫЗДЫ САҚТАҢЫЗДАР

 

 

Исатай аудандық СЭББ басшысы Б.С Картмағанбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT