Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиологиялық жағдайы

сурет: ғаламтордан

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі - ЖРВИ) мен тұмаудың эпидемиялық маусымы 2024 жылдың 1 қазан айынан басталып, 2025 жылғы 1 мамырға дейін созылады.

        Алдағы 2024-2025 жылдардағы тұмаудың эпидемиялық маусымында біздің облыста А/H1N1/pdm09 мен A /H3N2/ типті вирустың қосалқы түрлерінің айналымы және бұған В вирусының қосылуы мүмкін.

      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын маусымдық тұмаудың 1 миллиардқа жуық жағдайы тіркеледі, оның ішінде 3-5 миллионы ауыр түрлері. Жыл сайын тұмау вирустары тудыратын респираторлық патологиялардан 290 мыңнан 650 мыңға дейін адам қайтыс болады.

        2023-2024 жылдардың өткен эпидмаусымында облыс бойынша ЖРВИ-ның 132 982 жағдайы, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 19003,4 құрады. Оның ішінде тұмаудың зертханалық дәлелденген 119 жағдайы (оның ішінде жүкті әйелдер арасында – 69 жағдай, 14 жасқа дейінгі балалар – 24 жағдай) тіркелген болатын. Өткен эпимаусымда  тұмаудың A /H3N2/ вирусы айналымда болды.

        ЖРВИ-мен ауырғандардың көпшілігін 14 жасқа дейінгі балалар құрады – 61,3% (81 521 жағдай).

        Тұмаудан басқа облыста тұмау емес вирустар айналымда болады. Өткен маусымда барлығы  432 үлгі зерттелді, оның ішінде 32,9%-да оң нәтиже анықталды (142 жағдай). Негізінен, риновирус, бокавирус, РС вирус, аденовирустық  инфекция анықталды.

       Тұмау инфекциясының дамуының бірқатар ерекшеліктері болады. Тұмаудың бірінші белгілері ағзаға түскен вирустың көлеміне, адамның иммундық жүйесінің жағдайына, вирустың типіне байланысты. Ауру инкубациялық кезеңнен басталады. Жұқтырудан бастап бірінші белгі пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін өтеді (орташа есеппен 2-4 күн). Аурудың белгілері өте жіті басталады, сондықтан, пациент ауру белгілерінің басталуын көбінесе нақты атай алмайды.

       Шұғыл көмекті қажет ететін белгілер туралы мынаны есте сақтау керек: 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С-тан жоғары болуы, бастың қатты ауыруы (ауырсынуды басатын препараттарды қабылдағаннан кейін де ауыру), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқтағы  геморрагиялық бөртпе.

      Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация болып табылады.

       2024 жылы  жергілікті бюджет қаражатына Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында тұмаудың A /H3N2/, A/H1N1/ және B –штаммдарының антигендері бар.

      Тұмаудың жылсайынғы маусымдық вакцинациялау жұмыстары 2024 жылдың 15 қыркүйек айынан бастап барлық облыстың емханаларында басталды. 02.10.2024ж. облыста тұрауға қарсы 14 000 адам екпемен қамтылды. Иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

      Сатып алынған вакцинамен ақысыз түрде халықтың осал тобына жататын: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің, сабилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүкті әйелдерді және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша тұмауға қарсы вакцинацияланды.

     Анықтама үшін:

     Барлығы өткен эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы 66 490 адам егілді (халықтың жалпы санының 9,5%-і), оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 65 000 адам егілді, жұмыс берушілер есебінен 1 490 адам егілді.

        Сонымен қатар, тұмаудың алдын алудың мынадай негізгі ережелерін естен шығармаған жөн:

Тұмауға қарсы вакцинациялаудан басқа, тұмаудың және басқа да тұмауға ұқсас аурулардың алдын алудың арнайы емес әдістері де бар. Олар мыналар:

- адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көлікте болу уақытын мүмкіндігінше қысқарту;

- жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;

- ауру белгілері, мысалы түшкіру немесе жөтелу белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу;

- даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін қолды мұқият жүйелі түрде жуу;

- даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін мұрын қуысын тұзды сумен шаю;

- өзіңіз отырған үй-жайды жүйелі түрде желдету;

- үй-жайға жүйелі түрде ылғалды жинау жүргізу;

- дәрігердің ұсынымы бойынша иммунитет көтеретін препараттарды пайдалану.

Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, жақсы тамақтаныңыз және жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысыңыз.

 

Сарсенғалиева Айнагүл Әділқызы

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бөлім басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT