Мәдениет қызметкерлері күні аталып өтті

Жылда тойланатын Мәдениет және өнер қызметкерлері күні биыл өз деңгейінде, салтанатты түрде аталып өтті.

Аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының қолдауымен өңірдегі мәдениет саласы қызметкерлері арасында волейбол, дойбы, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен әріптестік сайыстан бастау алған мерекелік шара сол күні Ш.Шәріпов атындағы аудандық саз мектебінің «Жалын» мәдениет үйіндегі есептік концертіне ұласып, онда өнер мектебін тамамдағалы отырған түлектерге куәліктер табыс етілді.

Ал, келесі күні аудандық «Жалын» мәдениет үйінде аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Дархан Ғұмаровтың қатысуымен мәдениет қызметкерлері күніне арналған мерекелік концерт болып өтті.

Мерекелік шараға аудандық және ауылдық мәдениет және кітапхана қызметкерлері мен аудан халқы қатысты. Аудан халқын өнермен сусындатып, түрлі деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыруда кешенді қызмет атқарып келе жатқан мәдениет саласы кейінгі жылдары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Басқасын айтпағанда былтырғы ауданымыздың 90 жылдығының театрландырылған қойылыммен үлкен дәрежеде аталып өтілуіне сала мамандары тікелей мұрындық болған-ды.

Осы жетістіктердің барлығын атап өтіп, төл мерекемен құттықтаған мәслихат хатшысы сала үздіктеріне алғыс хат табыс етсе, осы мерекеге орай өткізілген спорттық жарыстардан жүлделі орындар алған командаларға марапаттар салтанатты түрде табысталды. Айта кетейік, спорттық сайыстардан командалық есепте «Исатай-Забурын» командасы бірінші, «Жалын» мәдениет үйі екінші, жанбайлық өнерпаздар үшінші орынға ие болды.

Кеш соңы концерттік шарамен аяқталды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521