Елу жылды артқа тастап...

Бұрынғы Максим Горький мектебін 1972 жылы бітірген түлектер 50 жылдан кейін қайта жүздесті.

Олар ең бірінші Тұщықұдық ауылындағы өздері бастап оқыған бастауыш мектептің партасына отырып, оқушы кездерін бір сәт еске алды. Сол жерде сабақ жүргізіп, түлектер есте қалған қызықты естеліктерімен бөлісті. Олардың бастауыш сынып кезінде сабақ берген ұстаздары да кездесуге қонақ болып шақырылды.

50 жылдық мерейлі мереке Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі алаңында жалғасты. Олар өмірден өткен құрдастарын 1 минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін, Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Еркін Мұқанов көпшілікті мерейлі күнмен құттықтап, шараны бастап ашып берді. 50 жылдық мерекенің құрметіне «ұстаз»,«мектеп» туралы әрдер шырқалып, түлектер құшақ биіне көтерілді. Жарты ғасыр уақыттың ішінде көп нәрсе өзгергені белгілі. Осынша уақыттан кейін кездесіп тұрған түлектердің бір-бірімен сағына қауышқандары күлімдеген көздері мен жадыраған жүздерінен-ақ көрініп тұрды.

Ұлағатты ұстаз Маржан Қабышева шәкірттеріне лебізін арнады.

- 50 жылдан кейін сағына көріскен түлектер, мерекелерің құтты болсын! Сендер елдің елеулі азаматы болып еңбек еттіңіздер. Осындай керемет жетістікпен жаңарған Қазақстанның қазыналы қарттарына айналып, береке, бірлікті еске алып кездесіп жатсыздар. Мұндай кездесуді ұлылардың ісін ұрпаққа ұлықтау деп түсіну керек. Ұйымдастырылып жатқан шара тағылымы мол, ғибратты шара. Кейінгі жастардың осы арқылы рухы кемелдене түсері сөзсіз. Мектепте сіздерді адалдыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа, еңбіксүйгіштікке үйреткен көптеген ұстаздардың еңбегі ақталды деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанның қарттары қазыналы, жастары жігерлі, азаматы ұлықты, қыздары қылықты, ұрпағы білікті болсын, - деді ол.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, өлкетанушы Мұрат Бектенов:

- Құрметті, менің інім Саматжанның құрдастары, достары! Мен сіздерді кішкентай кездеріңізден жақсы білемін. Сол кездегі кішкентай бүлдіршіндер қазір, ержетіп, ұрпақ тәрбиелеп, немере жиен көріп отырған ата-әжелер. Мен сіздерге сабақ берген Самиға апайдың көзі тірісінде үйіне барып тілдескенмін. Қатты ауырып жатқан кезінде ол кісі мені үйіне шақырып, маған бір өтініш айтқан еді. Мен ол кісінің өтінішін орындадым. Сол кезде менің қолымды сүйіп; «Саматжан бақытты болсын» деп, ақ батасын беріп кеткен еді. Сіздер болашақ ұрпаққа тәрбие беретін данышпан жасқа келдіңіздер. Мерейлі жастарыңыз ұзақ болып, араларыңыз сиремей жылда кездесе беріңіздер, - деді.

Тұщықұдық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы, ұлағатты ұстаз Қабира Каюмова:

- Бүгін ауылымыз үшін ерекше күн. Себебі, осыдан 50 жыл бұрын жан-жаққа арман қуып аттанған қыз-жігіттер, әр түрлі салада қызмет етіп, соның зейнетін көріп, бүгін сағына қауышып жатыр. Қатарларыңыз сиремесін. Мектеп кезінен сіздерді жақсы білеміз. Қоғамдық жұмыстарға араластық. Ұлағатты ұстаздардан алған білімдеріңізді игеріп, елдің бетке ұстар азаматтарына айналдыңыздар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, мәнді де сәнді өмір сүрулеріңізге тілекшімін, - деді.

Сөз сөйлеген ұлағатты ұстаздарға түлектер атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді.

Атаулы шараға 1972 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған және сол жылы өмірге келген азаматтар да шақырылды. Олар арнайы құрметпен сахнаға көтеріліп, лебіздерін жолдады.

Барша қатысушыларға қазақы дәстүр бойынша ақ ұсынылды. Түлектер атынан Жансих Маштахов пен Самат Ибрайымов қорытынды тілектерін жолдап, шараны аяқтады.

zagruzka

Түлектер кездесу шарасынан кейін аудан орталығындағы «Ардагерлер аллеясына» барып естелік суретке түсті. Одан кейін, «Зинеден ата» мешітіне жиналып, бақилық болған жандар үшін құран бағыштады.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521