А.Қоразбаев: «Мен кез келгенге ән арнай бермеймін»

Ауданымызға Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев келді.

Жалын мәдениет үйінде 70 жас мерейтойына арнап «Алтын күзім, армысың?» атты концертін ұсынған әнші алдымен көрермендеріне ізгі тілегін білдіріп, шығармашылығы жайында сыр шертті.

-Жыр сүлейі Жамбыл атамыз «Менің пірім – Сүйінбай» десе, мен өнерде үлгі тұтатын тұлғам ретінде Нұрғиса Тілендиев ағамды айтар едім, - деді ерекше дарын иесін еске алған ол. – Мен кез келгенге ән арнай бермейтін адаммын. Кенен атамызға, ақиық ақын Мұқағалиға, сонымен бірге ұстазым, осы өнер жолында талай бағыт-бағдар берген ақылшым Нұрғиса ағама да арнап ән жаздым, - деген әртіс сол әнін Н.Жантөрин атындағы облыстық филормония жанындағы «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен шырқап берді.

Одан бөлек оркестрдің орындауында күй әуелесе, халықаралық байқаулардың лауреаты Сая Махамбет, Н.Жантөрин атындағы облыстық филормония әншісі Бақытбек Сейсенғалиев, Қытай Халық Республикасынан келген, қазіргі таңда «Қазақконцерттің» белді әншілерінің бірі саналатын Бибігүл Қилымхан сынды әншілер өнер көрсетті.

Концерт соңында аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Мұханбеталиев 70-ке толып жатқан әншіге қазақы шапан жауып, аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады.

С.БЕРІКБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521