«Жалын» мәдениет үйінде жергілікті әнші-термеші, республикалық дәстүрлі ән байқауларының жеңімпазы Манарбек Дәулетовтің «Ән-домбыра» атты шығармашылық кеші өтті.
Әншінің айту бойынша кештің «Ән-домбыра» атануының өзі жайдан-жай емес екен. Дүние есігін ашып, ес білгелі қолына ұстаған қоңыр домбырасын өмірілік серігі қылған Мәкең ән мен баба мұрасы – жыр-термелерін жанынан алыстатқысы жоқ.
Кеш түндігін Құрманбек Жандарбековтің «Туған ел» әнімен ашқан термеші алдымен көпшілікке ізгі тілегін айтып, туған еліне перзенттік пейілін білдірді. Аудандық мәдениет үйіне жиналған жырсүйер көрерменді ән бесігінде тербеп, өшпес өнерді тағы бір жаңғыртқан кеште жыршының төл шәкірті, аққыстаулық термеші Дулат Зұлхашев ән шашуын арнады.
Сондай-ақ әншінің туған қарындасы Гүлнафис Дәулетова қоңыр үнді қобызды сөйлетсе, қос немересі Мерей мен Әлинұр Махамбет бабаларының жырларын оқыды. Кеш соңында өнерсүйер көптің атынан ардагер, ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимов пен ақын Қожантай Сдихов сөз алып, әншіге зор ықыластарын білдірді.
Еске сала кетейік, бұл әншінің қорытынды кеші болатын. Бұған дейін ол аталған концерттік бағдарламасын Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында, Қамысқала, Исатай, Жанбай ауылдарында ұсынған еді.
С.БЕРІКБАЙ.