Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Айгөлек» вокалды-аспаптық ансамблінің 40 жылдығына орай шығармашылық ән кеші өтті.
Кеш шымылдығы ансамбльдің әнұранына айналған «Айгөлек» әнімен ашылды. Одан соң концерт жүргізушілері 40 жылдық тарихы бар топтың кешегісі мен бүгініне тоқталып, ансамбльдің негізін қалаған талант иесі Төребек Шәріпов пен әншісі Әлләзи Рақышеваны, сондай-ақ былтыр өмірден озған топ ардагері Насиболат Ишанғазиевті еске алды.
Мерейтойлық ән кешінде Мажитовтер отбасылық ансамблі мен Атырау қаласынан келген «Динамика» тобы өнер көрсетті.
Тұрғындарға көтеріңкі көңіл сыйлаған ән кешінде аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан мерейтой иелері - «Айгөлек» ұжымына, сондай-ақ, қонақтар – «Динамика» тобы мен Мажитовтер отбасылық ансамбліне аудан әкімінің алғыс хаты мен гүл шоқтарын табыстады.
Ал, шығармашылық кешке арнайы келген облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Бақытбек Сартбаев «Айгөлекке» құттықтау хаты мен сыйлығын ұсынса, аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саябек Шагиров ансамбль ардагерлеріне бөлімнің алғыс хаты мен естелік сыйлығын тапсырды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ