Алматыда Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына көрме өтуде (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінде Халық Қаһарманы  Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрмесінің ашылуы  өтті.  

Аталмыш шара алдында жиынға қатысушы топ Кеңсай зиратындағы Хиуаз Доспанованың басына барып, қазақтың қаһарман қызының рухына Құран бағыштап, өшпес даңқына тағзым етті.

Алатау баурайындағы Мемлекеттік орталық музейінде жасақталған  көрменің салтанатты ашылуында Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова,  Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма хатшысы, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкеновтер алғашқы болып сөз алып, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз – Хиуаз Доспанова туралы  тағылымды пікірлерін айта келе, мұнайлы өңірден шыққан қаһарман қыздың майдан төріндегі және бейбіт өмірдегі ерен ерліктері мен  тұлғалық ерекшеліктеріне тоқталды.

Осыдан соң көпшілікке ҚР Ұлттық Ұлан Қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызметінің сарбаздары сазды және үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен шағын музыкалық бағдарламаларын  ұсынды.  Жиналғандар алдында алдымен «Мен қазақтың ұлымын», «Қазақстан» әндері жеке орындалса, одан соң «Балбырауын» күйіне билеген балғын балалар қазақтың сарбаздар биін нақышына келтіріп орындады.

Шара барысында келесі кезекте қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров, ҚР Азаматтық авиация академиясының  студенті Арулы Аманбай өздерінің ақжарма тілектерін білдірді. 

Жұртшылық назарына қойылған көрменің маңызы мен құндылығын түсіндірген Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаева көрмені ұйымдастыруға атсалысып отырған  Мемлекеттік орталық музейі ұжымына ризашылығын білдіріп, музей директоры Рашида Хариповаға Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері жинақталған 5 томдық каталогты сыйға тартты. 

Көшпелі көрме ашылуының тұсаукесер лентасын қию құрметі Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова, қаһарман қыздың ұлы Ерболат Шәкуұлы, көрнекті жазушы, филология ғылымдарының докторы Әнес Ғарифолла, Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаеваға берілді.

Майдан алаңында  қайталанбас ерлік жасаған батырларымыздың  есімдерін насихаттауды көздеген шараға сондай-ақ , танымал жазушылар Жұмабай Құлиев, Заря Жұманова, әдебиеттанушылар  Сансызбай Мәдиев, Зинол-Ғабден Бисенғали, белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Үлкенбаева,  Хиуаз Доспанованың  тұлғалық бейнесін зерттеуші-журналист Тұрсын Қалимова,  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жоғарғы санаттағы кітапханашысы Тоғжан Есенова, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тілекқабыл Рамазанов, Мемлекеттік орталық музейінің қызметкерлері  қатысты.

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары 6-12 мамыр аралығында тамашалайтын аталмыш көрмеде негізінен неміс басқыншыларымен соғысқан сұрапыл жылдары көкте қырандай қалықтап, жаумен шайқаста әуеге 300-ден  астам мәрте көтерілген штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі насихатталып, оның қайсарлық пен төзімге толы өмір жолынан толымды мәліметтер берілді. Арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың» жеке және  отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапат қағаздары көрермен назарына ұсынылды.  Осымен қоса, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың  батыр қызға жазған үшбу хаты мен қаһарман тұлға туралы жазылған мақалалар топтамасы ілініп, қазақтың қайсар қызы қан майданда пайдаланған құрылғылар мен бейбіт өмірде тұтынған жеке заттары көрініске қойылды.

Аталмыш көрмеде сондай-ақ, неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте  ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген  Қайырғали  Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров,  Иван Махориндер және  «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер берілді. Тағы бір экспозицияда «Шығыстың қос жұлдызы» Әлия Молдағулова, Маншук Маметова жөнінде мәліметтер және олардың мектеп, майдан  кезіндегі суреттері қойылды. Сонымен бірге, соғыс жылдары Атырау өңірінде майданға пулемет, миномет, атқыштар взводы командирлерін дайындап жіберіп отырған Гурьев  жаяу әскер училищесі мен сын сағатта үздіксіз қызмет еткен әскери госпиталь туралы тарихи деректер мен фотосуреттер, Ұлы Жеңіс шеруіне қатынасушы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тұлғалық бейнелерін айшықтайтын  мәліметтер  ұсынылды.    

Көрермендер көрмеден соғыс жылдары пайдаланылған әскери киімдер, жауынгер құралдары мен майдан шебінде қолданыста болған радио, телефон, тылдан жіберілген қолғап-шұлықтар үлгілерін  т.б. заттай бұйымдарды тамашалай алды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521