"Алтын домбырадан" кімдер, неге бас тартты?

"Алтын домбыра" айтысына аз қалды.

Ұлт өнерінің жанкүйерлері асыға күткен бұл аламанға кейбір жүйріктер қатыспайды екен. Шақырылған. Бірақ өздері бас тартыпты. Ақын, айтыстың абызы - Жүрсін Ерманның айтуынша, олардың жыл додасына келмеуі қазылықта кейбір адамдардың отыруымен байланысты көрінеді.

"Алтын домбыра" айтысына санаулы күндер қалды. Осы қорытынды айтысқа біраз үміткер бауырдың бармай қалуы жігерімді құм қылды. Елім-телім болып жағаласып жүріп дайындайсың. Жеме-жемге келгенде "қазылықта анау отырса мен қатыспаймын, мынау келсе мен бармаймын"деген кергулер басталды" дейді айтыс ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман әлеуметтік желіде білдірген пікірінде. "Осы аламанның ортасында жүруге қақылы Еркебұланның, Мейірбектің, Мақсаттың, Бекарыстың айтыстан сырттап қалуы дұрыс деп ойламаймын. Қазыдан жоғары Халық төрелігі бар емес пе еді!? Кешегі 80-жылдар айтыскерлерінің дүниеден жоғары кісілігі келмеске кеткен екен" дейді кей айтыскерлерге өкпесін байқатқан Жүкең.

Сондай-ақ ол айтысты қолдап, осыған мұрындық болған, Оралға айтыс үшін бара жатқан "Нұр Отанның" басшысы Бауыржан Байбек, Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, облыстың әкімі Ғали Есқалиевқа алдын ала алғыс айтады.

"Барлық жауапкершілікті мойнына алып, өзінің командасымен бірге бәрін тап-тұйнақтай етіп отырған Бауыржан Халиоллаға сәттілік тілеймін! Айтыстың ардагерлері бір-бірімен қауышып ризаласып қайтса екен!

Оң жол, оралдықтар!" делінген жазбада.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT