Қазіргі таңда сахна төрінде ұлттық әндерімізді нақышына келтіре орындап жүрген жас өнерпаздарды көптеп кездестіруге болады.
Дұрыс та болар. Ата-бабаларымыздан қалған ұлттық өнердің табиғи бояуын жоғалтпай сол қалпында келесі ұрпаққа жеткізу кез келген өнер иесінің басты парызы болса керек. Солардың қатарына мен бүгіндері ерекше өз өнерімен көзге түсіп жүрген «Жалын» мәдениет үйінің қызметкері Айдана Бақытованы жатқызар едім.
Талантты жас әнші: «заманауи әндер алғашқыда жастарға ұнауы мүмкін, көңіл-күйді көтеретін әуезді шығар, бірақ бірнеше жыл уақыт өткен соң, ол әндер де ұмыт бола бастайды. Ал, ұлттық әндер заман өткен сайын жаңғырып, халықтың жүрегіне жол табады. Халық әндері ешқашан өлмейді» деген пікірде. Жақында әз Наурыз мейрамы қарсаңында Айданамен кездесіп, өнер әлеміне қалай келгенін сұраған едік. Ол отбасында 2 ұл, 3 қыздың ортаншысы екен. Айтуынша, бұл қабілет оның бойына қарт нағашыларынан дарыпты.
- Отбасымызда әкем де, анам да, бауырларым да ән айтпайды. Әнге деген қызығушылығым қарт нағашыларымнан берілген қасиет болар деп ойлаймын. Нағашы әжемнің інісі, яғни, менің нағашы ағам көпшілікке танымал әнші болған деседі.
Айдананы әңгімеге тартқанымызда білгеніміз, ол кішкентайынан-ақ өнер байқауларында талай рет оза шауып, бәйге алған екен.
- Оқушы кезімде көптеген мектепішілік ән байқауларына жиі қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрдім. 10-сыныпты оқып жүргенімде мектеп ішінде «Шабыт» байқауы ұйымдастырылды. Сол байқауда «Отырардағы той» әнін орындап, бас жүлдеге ие болдым. Осы жеңісім менің ән әлеміне деген қызығушылығымды бұрынғыдан да арта түсті. Содан бері мен аудандық, облыстық байқауларға қатыса бастадым, - дейді кейіпкеріміз.
Осылайша, сыныптастары арасында әншілік өнерімен көзге түскен Айдана мектепті бітіріп, 2014 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті музыка факультетінің «Вокальдық өнер» бөліміне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын 2018 жылы біздің аудандық «Жалын» мәдениет үйінен бастаған.
- Мен үшін ең алдымен өнерге деген сүйіспеншілік бірінші орында. Егер ондай қасиет болмаса, онда ән айтуға деген қабілетім, дауысым бәрі де құр бекершілік болар еді. Осы орайда, бойымдағы өнерге деген қызығушылығымды оятып, үлкен сахналарға қадам басуыма себепші болған Айман Құлманова, Шынар Дүйсенова сынды ұстаздарымның еңбектері зор дер едім. Мен көбінесе қазақы халық әндерін айтуды жаным сүйеді. Бүгінде той-думандарда, қуанышты отырыстарда осы әндерді орындап жүрмін. Ән айту оңай шаруа емес. Орындағасын табиғи бояуын бұзбай, орындау керек. Әрине сонда да ән әлемінде әлі де үйренерім көп, өнерге баулып жатқан шәкірттерім де бар. Оларға да басты кезекте осы ұлттық немесе халық әндерінің қыр-сырын үйретудемін. Бұл ретте шәкірттерімді көптеп шығарсам ба деген де жоспарым бар, - дейді ол.
Әділбек СЫРЫМОВ