Ауылды әнмен тербеген...

Дәстүрлі өнер – ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ұлттық мұра. Қазіргідей, заманауи музыкалық аспаптармен әрленген әуендер енбей тұрған кезде ел ішіндегі таланттардың өнерлері жанды дауыста айтқан әндерімен, шерткен домбырасымен бағаланып келгені шындық. Бұрынғы ата-бабаларымыздан жыр-термелер, күмбірлеген күй, сазды әуен, әсем әндер барлығы да осы ұлттық аспабымыз домбыра арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткен.

Қазірдің өзінде сол дәстүрдің ізін жалғап, қазақтың киелі қара домбырасын серік қылып жүрген өнерпаз азаматтарымыз көп. Соның бірі және бірегейі ретінде Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің қызметкері, әнші Талғат Сатыбаевты айта аламыз. Оның осы уақытқа дейін мәдениет саласына сіңірген еңбегі аз емес.

Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқып, «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығын бітіріп шыққаннан кейін, 1996 жылдан бастап мәдениет саласында қызмет етіп келеді. Алғашында Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде киномеханик, кейінірек аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры болып жұмыс жасаған. 2000 жылы Қамысқала ауылдық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі қызметіне ауысып, күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келеді.

Негізінен автоклубтың шаралары шалғай елді мекендерде ұйымдастырылатындықтан, Жасқайрат, Айбас, Мыңтөбе елді мекендерінің тұрғындары Талғат Сатыбаевтың өнерін жақсы біледі. Дәстүрлі әндерді шебер орындайды, сондықтан да тыңдармандары баршылық. Біраз жылдан бері тамаша дауысымен тамсандырып келген Тәкең жүрген жерін мереке, той-думанға айналдырады деуге де болады.

Әншінің өнерін жоғары бағалайтындар көп. Өйткені оның өнері әлі күнге сұранысқа ие. Ел-жұрттың қуанышын бөлісіп, той-құдалықтарда төрден табылады, талай ауылдағы жаңа түскен келіндердің «Беташар» рәсімін орындап, көптің көңілінен шығып жүрген азамат. Оның репертуарында елудің үстінде дәстүрлі әндер бар.

Ол туралы қазіргі әріптесі әрі басшысы Жібек Мұхтарова: - Талғаттың ұжымда да, ауылдастарының арасында да беделі жоғары. Себебі, халық әндерін домбырамен нақышына келтіріп орындағанда, оның дауысына еріксіз сүйсінесің. Ол жеке де, дуэт, трио, квартет құрамында болып та әндерді еркін орындай береді. Одан бөлек актерлік шеберлігі де жақсы. Мәдениет үйіндегі драма үйірмесіне де жетекшілік етіп, көптеген қойылымдарды сахнаға шығарып жүр және сондай жұмыстарды жақсы ұйымдастырады, - дейді.

Актерлік шеберлік демекші, ол – бұрын Аққыстау халық театрында көптеген сахналық қойылымдарға, спектакльдерге қатысып, театрдың құдығынан су ішкен жан-жақты өнерпаз азамат. Сол жерден үйренгендері де көп.

-Ол кезде театрда тәжірибелі аға-апаларымыз көп болды. Актерлік шеберлігімізді шыңдауға, сахна мәдениеті мен қимыл-қозғалыстарын үйренуге, аға-апаларымыздың сіңірген еңбектері көп. Кейін ауыл, аудан сахналарында да бірнеше мәрте қойылымдарға қатыстық. Сол кезде жинаған тәжірибенің үлкен жемісін көрдім,-дейді ол.

Өмірінің көп жылдарын мәдениет саласына арнаған дәстүрлі әнші Талғат Сатыбаев жайында айта беруге болады. Оның аудан мәдениетіне қосқан үлесі мен еңбектері бәрі-бәрі халықтың көз алдында. 

Берікбол Қонаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT