Исатай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Еммат Азербаевтың есімі ауданымыздағы өнерсүйер көпшілікке жақсы таныс.
Алайда, Емматтың бойындағы талант тұтас әулетіне дарыған өнердің бір бөлшегі ғана екендігін көбі біле бермейді. Күні кеше ағайынды Азербаевтардың онлайн арқылы қосыла шырқаған әсем әндері әлеуметтік желі қолданушыларының зор ықыласына бөленді. Жеті бауырдың қосыла шырқаған «Бауырым-ай» әніне жылы пікір білдірген оқырман ағайынды өнерпаздарға ақ тілектерін ақтарып жатты.
Бүгінгі Мәдениет және өнер күні мерекесімен құттықтап Еммат әншіге телефон арқылы хабарластық. Жылы лебізімізді қабыл алған исатайлық дарын өзі және өнерлі әулеті жайлы қойған сұрақтарымызға байыппен жауап берді.
- Бұл - аталарымыздан тараған өнер. Бізге әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыды деуге де әбден болады. Өйткені, атам Әзербай той-думанның сәні болған адам, әкеміз Ғарифолла да ән шырқайды, анамыз Роза да өнерден құралақан жан емес. Енді екі өнерпаздан тараған балалар ән айтпауы мүмкін бе? - дейді ол ағынан жарылып.
Білгеніміздей, тұтас ансамбль шығатын әулетте өнерді өмірлік кәсібі қылған осы Еммат пен әпкесі Ғарифа ғана. Еммат Исатай ауылдық мәдениет үйінде қызмет атқарса, әпкесі Ғарифа - Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Борсы ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекшісі. Қалғандары басқа саланың мамандары болғанымен, өнерден түбегейлі қол үзіп кетпеген.
- Таланттардың көбі ауылдан шығады ғой, - дейді Еммат. – Осы ауылдан ұзамаймын деп, танылмай қалатындары да көп. Алла берген өнерін тұмшалап, орта жасқа келгенде әсем даусымен таңғалдырып жататындары да кездеседі. Кішкентай таланттарымыз да баршылық. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, біздің міндетіміз өнерлі өрендерге жол сілтеп, бағыт-бағдар беру, - дейді әнші.
- Аудандағы барша мәдениет саласының қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық табысқа жете берейік, - деді сөз соңында мерекелік лебізін білдірген Еммат бауырымыз.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ