Бала Исмайл «Бала дауысы» ән байқауының жеңімпазы атанды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жаңажылдық құттықтауында жаңа барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.

Осыған орай, Исатай ауылдық округінде мектеп алды даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушылары арасында «Бала дауысы» ән байқауы өтті.

Ауылдық клуб және Исатай орта мектебі ұжымының бірлесе ұйымдастыруымен өткен байқауға барлығы 15 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Шара шымылдығы ауыл әкімі Асылан Жарылғасұлының ізгі тілегімен ашылды.

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сай, биылғы жыл - «Балалар жылы» деп бекітілген болатын. Бұл өмірдің базары да, ажары да, еліміздің ертеңгі болашағы да - біздің бүлдіршіндеріміз. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл шешімі барша қазақ жұртын қуантқан шешім болды деген сенімдемін. Біз өз тарапымыздан балалардың болашағы жарқын болуы үшін, олардың өсіп-өркендеуі жолында әрдайым барлық мүмкіндікті жасауға жұмыстанамыз. Балаларды өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылып жатқан бүгінгі шараға қатысушы барлық өнерлі өрендерге сәттілік тілеймін, - деді ауыл әкімі. 

2

Исатай ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Еммат Әзербаевтың айтуынша, байқауға қатысқан балғын өнерпаздардың барлығының дерлік дайындығы жақсы. Ауыл ішінде балғын өнерлі өрендердің саны да жыл санап артып келе жатқанын айтады.

- Ауылымызда өнерімен көпті тәнті етіп, ел алғысына бөленіп жүрген үлкенді-кішілі жандардың қатары артып келе жатпаса, сиреген емес. Осындайда қазақ «Ел іші – өнер кеніші» деп жайдан-жай айтпағанын түсінеміз. Біз өз тарапымыздан оларға әркез қолдау білдіріп, олардың өнерлерін әлеуметтік желі арқылы көрермен назарына тұрақты түрде ұсынып келеміз. Бүгінгі ән байқауы да ауыл балалары арасында өткізіліп отыр. Бұл ән байқауын қолға алудағы басты мақсатымыз - балаларды өнер әлеміне жетелеу. Сол арқылы олардың бойындағы талантын көпшілікке таныту, өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Одан бөлек, осы байқау нәтижесінде өз дарынымен көзге түскен өрендерді одан әрі шыңдап, болашақта облыстық, республикалық сахналарда өнер көрсетер талант иелеріне айналдыру мақсатында жұмыстануға да ниеттіміз, - деді ол.

4

p

2 сағатқа созылған ән байқаудың нәтижесінде, ерекше дарынымен көзге түскен 3-сынып оқушысы Исмайл Қуандықұлы бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ жүлделі І орынға 2-сынып оқушысы Думан Рауанұлы лайықты деп танылса, ІІ орын 2-сынып оқушысы Айзере Аманқызы және 3-сынып оқушысы Шұғыла Еркебұланқызына бұйырды. ІІІ орынның қатарынан 4-сынып оқушысы Жансая Нұрғисақызы, 2-сынып оқушысы Айжұлдыз Нұрланқызы, мектеп алды даярлық тобының тәрбиеленушісі Айша Аққалиева көрінді.

2

cb094503-e31a-4b40-a13a-8d29d78d957f

Байқау соңында жеңімпаз, жүлдегерлер және өзге де қатысушыларды ауыл әкімі Асылан Жарылғасұлы, клуб меңгерушісі Салауат Меңдіғазиев, Исатай орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Сара Жұмағалиева және «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының саз жетекшісі Динара Бикужиева жүлделі дипломдар, алғыс хаттармен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Ән байқауы бағдарламасын жасақтаған Исатай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мағрифа Ашықбаева екенін де айта кеткен жөн.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT