Баланы ата-әжесіне беру дұрыс па?

Бүгін Тұщықұдық ауылында «Отбасы күніне» орай жас отбасылармен кездесу өтті.

«Жанұя жарастығы-сыйластық» деп аталатын тағылымды шараға Мейірбек Сыдых отбасы мен Өтеу Сақыпов отбасы шақырылды. Жас отбасылар өздерін таныстырғаннан кейін, «Дәулет есіктен, тәрбие бесіктен кіреді», «Білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады» деген тақырыптың төңірегінде әңгіме өрбітті.

- Жалпы біздің материалдық тұрғыдан жиып тергенімізді Алла тағала адамның еңбектеніп жұмыс жасауы арқылы есіктен кіргізеді. Ал, тәрбие бесіктен дегеніміз, баланы бесіктен бастап тәрбиелеу керек деген мағынада айтылған, - деді Мейірбектің жұбайы Еркеназ Өтемісова.

Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз - ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық қасиеттер балаға үлкендердің үлгісімен сіңеді. Бұл туралы айтқан жас отбасылар:

- Мектепте берілген тәрбие мен үйде берілген тәрбиенің арасы жер мен көктей. Егер мұғалімнің берген тәрбиесін үйдегі ата-ана қолдап отыратын болса, бала екі жақты дамиды. Ал адами қасиеттерді баланың бойына сіңіріп өсіру, ата-ананың тарапынан болуы керек, - деді Еркеназ.

- Қанатымыздың қатайып жетілгені ата-анамыздың арқасы. Сондықтан ең бірінші тәрбиені ата-ана қалыптастырады деп ойлаймын. Қандай ортада жүрсек те, ата-ананың тәрбиесін ештеңе баса алмайды, - дейді Өтеу Сақыпов.

Бұрын ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Олар ертегі айтып, немерелерін рухани тәрбиелеп отырған. Тұңғыш немере ата-әжесінің баласы деген түсінік бар, ол туралы жас отбасылар не дейді дегенде, Өтеу:

- Тұңғыш немере ата-әжесінің қолында өсу керек, оны қолдаймын. Мен өзім үйдің үлкенімін, ата-әженің қолында өстім, десе, Мейірбек: - Мен тұңғыш немересі болмасам да ата-әжемнің қолында өстім. Әке-шешеміздің кім екенін есейе келе білдік. Менің ұлым да ата-әжесінің баласы, бөлек тұрсақ та ұлым күнде сол үйде жүреді. Ол жақсы тәрбиенің белгісі, - деп жауап қатты. 

- Менде бұған кереғар пікір бар. Қазіргі қоғамда да өзекті мәселенің бірі осы тақырып. Бұл жерде әңгіме қос тәрбиеге келіп тіреледі. Баланы ата-әжеге беру бір жағынан дұрыс болғанмен, теріс жақтары да бар. Мәселен, «менің балама тиіспеңдер» деп, оны еркіне жібереді. Бала соның кесірінен әкені әке көрмей, шешені шеше көрмей өсуі мүмкін. Мен үшін бұл өзекті мәселе, - деді Еркеназ.

Шараны қорытындылаған мәдениет саласының ардагері Гүлшара Исмагулова:

- Негізі ата-әжесі баланы жақсы көру керек, бірақ, әке-шешесінен айырмау керек деп ойлаймын. Бұрынғы әжелеріміз немересін арқалап жүріп өсірді. Оның мағынасы «артымда ұрпақ қалсын» дегенді білдіреді дейді үлкендер. Бүгінгі шарада айтылған сөздер, кейінгі жас отбасыларға үлгі болары анық, - деді.

Жас отбасыларға Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің атынан құттықтау хат пен естелік сыйлық табыс етілді. 

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521