Белгіні орталыққа қойса болмай ма?

«Нарын таңының» өткен санында «Қос ғашыққа мәңгілік мекен болған...» деген тақырыпта мақала жарияланды. Жалпы жер, ел тарихынан хабар беріп, оны өзгелердің де біле жүруіне себепші болатын осындай мақалалардың жарияланып тұрғаны дұрыс деп есептейміз.

Мақалада бір-біріне ғашық болған екі жас Тікіл мен Тікшенің жерленген жерін тауып, адал махаббат пен шынайы ғашықтықтың белгісіндей бір ескерткіш қою туралы айтылыпты. Ол оқиғаны біз де үлкендерден естіп өскенбіз. Екі жастың сол маңда қуғыншылар қолынан қаза тапқаны анық. Әрине, олардың сол жерде, қуғыншылар қуып жеткен Жалтыр көлінің оңтүстік-батысындағы төбелердің бірінде жерленгені де айтуға сияды.

Бұрын сол оқиғаны еске салып тұратын Тікше қыстағының орнында қазір тек үйінді топырақ қалды. Жалтырдың солтүстік кемеріне орналасқан бұл орын кеңшар тараған кезде жекенің қолына өтіп, ақырында бұзылып алынды. Бұл - бара-бара сол жердің атауы да ұрпақ жадынан ұмытылады деген сөз. Сондықтан, бір белгі қою туралы бастама дұрыс. Оны құптап, қолдаушылар табылып жатса, меніңше, округ не аудан орталығына қойған жөн. Махаббат символындай бір белгі орнаса жастарымыздың, соның ішінде отбасын құрап жатқан қыз-жігіттер арманда кеткен қос ғашық рухына бас иіп, туған жер тарихына ой жүгіртер орын болар ма деген ой келеді.

Жалғасбай ТӘЖИДЕНОВ,

Тұщықұдық ауылы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT