Ғасыр жасаған ұлы есім

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы Хиуаз Қайырқызы Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Қаһарман қыз – Хиуаз» атты  аудандық патриоттық ән орындаушылар байқауы мен жас ақындардың мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Ауданда ұйымдастырылған бұл байқаудың жеңімпаздары, облыстық байқауға жолдама алды. 29 жасқа дейінгі ауданның әр ауылдық округтерінен қатысқан дарынды өнерпаздар ән байқауында өздерінің шеберліктерін көрсете білді. Патриоттық ән орындаушылар байқауының шарты бойынша қатысушылар І бөлімде туған ел, Отан тақырыптарына арналған әндерді, ал ІІ бөлімде өздері қалаған әндерін орындады. Әншілердің қай-қайсысы да бір-бірінен кем түспеді. Алайда, «Жалын» мәдениет үйінің әншісі Айдана Бақытованың бағы жанып,  байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Бірінші, орыс композиторы Виктор Цойдың «Кукушка» әнін орындап бір таңғалдырса, екінші, Естайдың «Сандуғаш» әнін асқан шеберлікпен шыңына жеткізіп шырқады. Нәтижесінде, облыстық байқауға жолдама алды. Ал,  ақындар мүшәйрасының І бөлімінде жас ақындар Хиуаз Доспанованың батырлығын, елге сіңірген еңбектерін тебірене жырға қосты. ІІ бөлімінде ақындардың еркін тақырыптағы шығармаларын оқуға кезек берілді. Еркін тақырып болғаннан кейін әр ақын өзінің жанына жақын өлеңдерін оқыды. Соның ішінде ауылдың мәртебесін көтеретін, туған жердің қадір-қасиетін ұқтыратын, ондағы кеңшілікті, бауырмалдықты, туыстықты баяндайтын Еркебұлан Зинеденовтың «Ауылымды жамандама қарағым» өлеңі бас жүлдеге лайық деп танылды. Еркебұлан осылайша мүшәйраның жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.

Берікбол ҚОНАРОВ

Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай өткен «Қаһарман қыз – Хиуаз» атты  аудандық жас ақындар мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алған Еркебұлан Зинеденовтың өлеңін оқырман назарына ұсынамыз. 

Нағыз батыр тұлғалар, міне, осылар!

(Хиуазға арнау)

Ерлігі Хиуаздың өшкендей бір,
Адамдар итереді төстен кейбір.
Отан үшін от кешкен Батыр қыздың,
Біреулер ерліктерін ескермей жүр!

Әлия мен Мәншүкті көрем төбе,
Аруларын балайды ел еркеге.
Дауым жоқ екеуі де батыр, бірақ
Хиуаз да қалмау керек көлеңкеде.

Ұғынған Батыр қызға ұрыс тілін,
Аспанда жақын келіп жұғысты кім?
«Түнгі мыстан» атанып жауларына,
Түніміздің сақтады тыныштығын.

Ер болсаң, елің үшін алаңдай біл,
Қадірің кетер дейсің одан қайбір?!
Бұл күнде кейбіреулер соғыс түгіл,
Бейбіт күнде әскерге бара алмай жүр.

Тарихты құрметтеуді қош көреміз,
Кей кезде қимылдаймыз кеш неге біз?
Үлгі болар ерлігін Анамыздың,
Тек қана Жеңіс күні ескереміз.

Осындайда өткенді бір есіңе ал!
Өмірдің таусылмайтын күресі бар.
Бүгін ел бейбіт ғұмыр кешіп жатса,
Оған Хиуаз анамның үлесі бар.
Кім елге бейбіт ғұмыр сыйлай алса,
Нағыз батыр тұлғалар, міне, осылар!

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT