Исатай аудандық музейінде сурет салу сайысы өтті

Бүгін аудандық музейде КСРО суретшілер Одағының мүшесі, Исатай ауданының Құрметті азаматы Шаймардан Сариевтың туғанына 85 жыл толуына орай 4-6-сынып оқушылары арасында «Шамырқана шалқыпты өнердің бір шырағы» атты сурет салу сайысы өтті.

Сайыстың мақсаты, оқушылардың суретшілік өнерін шыңдаумен қатар, қылқалам шебері Ш.Сариевтың шығармаларын ұрпаққа насихаттау. Атаулы шараның басында жүргізуші суретші Ш.Сариев жайында әңгімелеп, өмір мен өнер жолына қысқаша тоқталып өтті.

Сайысқа қатысушылар үш бөлім бойынша бақ сынады. Олар алғашқы бөлімде өздерін таныстырса, одан кейін қазылар алқасына үйден орындап әкелген жұмыстарын тапсырды. Онда оқушылардың бірі қамырдан құстың бейнесін жасап әкелсе, енді бірі табиғаттың, жеміс-жидектің суретін салып лайықты бағаларын алды. 

Соңғы бөлімде суретшілерге музейдегі көне жәдігерлердің суретін салуға 15 минут уақыт берілді. Олар сол аралықта барынша тырысып, еңбектерін қазылар алқасына әкеліп тапсырды.  

Сайысқа қатысушы Аққыстау орта мектебінің оқушылары Сабыр Өмірғали, Нұрасыл Кенжеғұл, Айнара Әміржан және Саялы Тұрарбекқызы қазір аудандық Оқушылар үйінде «Бейнелеу өнері және қолөнер» үйірмесінде оқып тәрбиеленуде.

- Шәкірттерімнің өнері күннен-күнге шыңдалып келе жатыр. Осыған дейін, портрет, пейзаж, натюрморт жанрлары бойынша суреттер салып келдік. Енді, алдағы уақытта қолөнер және құммен сурет салып үйренуді жоспарлап отырмыз, - дейді, үйірме жетекшісі Жанбота Серік.

Қатысушыларға қазылық еткен музей басшысы Гүлмарал Жұбанова мен Өркен орта мектебінің «Көркем еңбек» пәні мұғалімі Жадыра Каптагаева шараны қорытындылап, өнерлі оқушылардың болашағына сәттілік тіледі.

Сайыстың қорытындысы бойынша, бас жүлдені Айнара Әміржан иеленсе, Нұрасыл Кенжеғұл І орынды жеңіп алды. Саялы Тұрарбекқызы ІІ, Сабыр Өмірғали ІІІ орындарды еншіледі.

Жеңімпаздар жүлделі дипломдармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521