Бүгін білім және ғылым қызметкерлерінің арасында қолға алынған «Егемен еліміздің еңселі ұстаздары» атты көркемөнерпаздар байқауының облыстық кезеңі өтті.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқауға қала және аудандардан барлығы 8 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Аталмыш өнер бәйгесіне Исатай ауданының атынан аудандық кезеңнің жеңімпазы, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі «Халық әні» сыныбының жетекшісі Айнагүл Базарова қатысты.
Байқаудың шартына сай, қатысушылар «мәнерлеп оқу», «би», «эстрада» және «дәстүрлі ән» атты төрт номинация бойынша сынға түсіп, өзара үздіктерді анықтады. Нәтижесінде «дәстүрлі ән» номинациясы бойынша жерлесіміз облыстық байқаудың жеңімпазы атанып, ауданымыздың абыройын асырды. Екінші орынға Жылыой ауданының өкілі лайықты деп танылса, үшінші орынның қатарынан құрманғазылық өнерпаз көрінді. Кеш соңында жеңімпаз және жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Айнагүл Базарова бұған дейін де бірнеше мәрте облыстық деңгейдегі өнер байқауларына қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген білікті ұстаз.
Әділбек СЫРЫМОВ