Исатай ауданынан парасаттылыққа үндейтін жаңа орталық ашылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен еліміз бойынша жаңа бір іс қолға алынған болатын.

Сөйтіп, барлық өңірлерде ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, парасаттылық идеологиясын ілгерлету, адалдықты дәріптеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күйшейту, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Адалдық алаңы» жобасы аясында кітапханалар жанынан «Парасат жолы» орталықтарын ашу жүзеге аса бастады.

Жұма күні аудандық кітапханада өткен жиын осыған арналды. Оны ашқан аудандық орталық кітапхана директоры Шынар Махсотова: -Біздің ауданымыз бойынша да аудандық орталық кітапхана жанынан бүгіннен бастап «Парасат жолы» орталығы ашылып, тұсау кескелі отыр. Негізгі мақсаты - адалдық, парасаттылық, әділдік, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, жастарымызға келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын дәріптеу болып табылады,-деді.

Жиналғандарға аталан орталықтың құрамына сайланған 30 мүшесі таныстырылды. Орталық жетекшісі болып ұзақ жылдар бойы аудандық кітапхана ұжымын басқарған мәдениет саласының ардагері, "Кітапхана ісінің үздігі" төсбелгісі иегері Кабулова Гүлбану Ружанқызы сайланды. Жиында сөз алған жаңа орталық мүшелері еңбек ардагері Мұрат Бектенов, аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысы Сейітжан Бегисинов, еңбек ардагері Гүлбану Қабылова, журналист Жоламан Дәулетияр, аудандық Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі директоры Ербол Ақтан бастаманы қолдап, орталық жұмысына сәттілік тілеген пікірлерімен бөлісті.

Белгілі болғанындай, орталық мүшелері кем дегенде айына екі мәрте бас қосып отырмақ.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT