Исатай аудандық «Жалын» мәдеиет үйінің шығармашылық жұмысына елдегі төтенше жағдай режимі түк те кедергі болып жатқан жоқ. Одан көзі қарақты оқырман әлеуметтік желі арқылы хабардар болса керек.
Бұрынғыдай залға көрермен жинауға болмайтынын сылтау қылып, қол қусырып отырған олар жоқ. Қолдан келгенше көрермендерін онлайн арқылы түрлі шаралармен тәнті етіп жүрген Қ.Зайнова бастаған ұжым жақында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап арнайы шағын түсірілім жариялапты.
Мәдениет үйінің әлеуметтік желідегі парақшасында аталған бейнебаянның аудандық мәдениет үйлері арасында бастау алған эстафета екендігі айтылған. Онда «Бұл эстафета көршілес киелі мекен Құрманғазы ауданынан біздің ауданға да жетті. Құрманғазылық өнерпаздардың сәлемдемесін ыстық ықыласпен қабыл алдық, эстафетамызды Кең Жылой мәдениет үйіне жолдаймыз» делінген. Нарын құмынан бастау алған бейнефильм Бақсай өзегінің бойында да түсірілген.
Онда дана Абайдың кескінін сәтті сомдаған Ұ.Меңдіғазиев, А.Панабердиев қойылымға сай кемеңгердің қара сөздерін де нақышына келтіре оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Киіз үй ішінде немересін емірене еркелеткен Зере әженің рөлінде ойнаған А.Машаева мен бала Абай- А.Жәнібектің өнерін де ерекше атай кеткен жөн.
Көрініс соңында ұжым мүшелері Абайдың «Ғылым таппай мақтанба», «Өзгеге, көңілім тоярсың», «Әсемпаз болма әрнеге» секілді өлеңдерін жатқа оқыды. Бейнебаянның қоюшы-режиссері мәдениет үйінің директоры Қ.Зайнова. Көмекші ассистенттер С.Джылқышиева мен С.Досқалиева, бейнемонтажға жауапты Б.Мағзомов, әуенін реттеген К.Мажитов, жарық беруші Д.Сұлтан және оператор Ә.Жұмашев.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ