«Күмбірле, қоңыр домбыра». Исатай ауданында Ұлттық домбыра күні ұлықталды

«Күмбірле, қоңыр домбыра».

Дәл осындай тақырыппен шілде айының алғашқы күні «Жалын» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік мәдени шара өтті.

42

Көрерменіне рухани күш-қуат сыйлайтын сазды бағдарлама ерекше форматта ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары шараны әдеттегідей мәдениет үйінің сахнасында емес, бұл жолы «Qazaq eli» саябағында тамашалады.

6

Көрермендердің қатарынан атыраулық ерлі-зайыпты  Елебай Жайлауов пен Гүлнәр Сағындықова, Мәдениет саласының ардагері, сарайшықтық Қалықыз Көшкенбаева сынды зейнет жасындағы аға-апалар да табылды. Жиылған көпшілік, әсіресе, домбыра шеберлерінің орындауындағы Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды күй тарландарының шығармаларын қуанышпен қабылдап, қол соғып, қошемет білдірумен болды. Сондай-ақ «Qazaq eli» саябағындағы ұлттық нақышта бой көтерген «Шаңырақ» мүсіндік композициясы да құдды бір ұлттық мұраларымызды насихаттауға арналған мерекелік бағдарламалар өткізуге арналып салынғандай. Дала сахнасында қазақы киім де, ұлттық аспаптар да мерекенің мазмұнын айшықтай түскендей әсер қалдырды.

45221

Шара барысында сөз алған атыраулық Елебай Жайлауов сахна төрінен күмбір күйдің қоңыр үнін, жырдың жақұтын, дәстүрлі әннің әуенін, мың бұралған бидің тамаша көрінісіне куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ Қалықыз Көшкенбаева да мерекелік кештің жоғары деңгейде өткенін айтып, шараның шырайын кіргізген аудан өнерпаздарына ризашылығын жаудырды. Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығын көрсету, ұлттық өнерге қолдау көрсетіп, дүйім жұртшылыққа халқымыздың киелі аспабын ұлықтап, тұрғындардың қасиетті аспапқа деген құлшынысын ояту мақсатында өткен шарада аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры Шара Нақыпбекова мерекелік думанға арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

45452

Ал, бала күнінен домбыра аспабында ойнауға әуес болған кештің кішкентай төнерпаздарының бірі, аққыстаулық Ақнұр Қуанышкерей ұлттық өнеріміз ұлықталып, домбырамыз әр жыл сайын дербес күнде тойланып келе жатқанына шын қуанатынын мақтанышпен жеткізді.

633636

- Әр айтулы мерекенің өзіндік маңызы бар. Қажеттілігіне қарай, өзге мереке күндері де сахна төрінде қазақтың қара домбырасымен өнерімді ортаға саламын. Дегенмен бүгінгі Ұлттық домбыра күнінде өнер көрсету мен үшін зор мәртебе, өзге мерекелерге қарағанда бұл мереке жаныма жақындау. Тіпті бүгін сахна төрінде кеудемді қуаныш кернеп, шабытым шалқи түскендей әсерде болдым, - дейді жас та болса, осы күнге дейін талай өнер бәйгесінде топ жарып үлгерген күйші Ақнұр.

Ұлы мұрамызды ұлықтауға бағытталған мерекелік думан өнерпаздардың орындауындағы «Домбыра» әнімен қорытындыланды.

Батыр есімін иеленген ауданымыздан Дина Нұрпейісова, Жаңбырбай Бекмағанбетов, Меңдіғали Сүлейменов, Шәмшиден Шәріпов, Ғибатолла Мәсәлімов, Ғатау Ібішов, Мақсұт Неталиев, Нариман Үлкенбаев, Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Хисмет Меңдіғалиев, Асқар Салихов, Өтепқали Зұлхашев, Айгүл Үлкенбаева, Шәрипа Дәулетиярова, Зоя Насиханова секілді дүлділ күйшілер өмірге келді. Атыраулық Елебай Жайлауов та өз сөзінде Исатай ауданының дүлділ күйшілер мекені екенін де айта кеткені тектен тек болмаса керек.

Айта кетейік, бұл күні айтулы мереке өзге ауылдық округтерде де әр түрлі форматта аталып өтілді.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521