Мұрат БЕКТЕНОВ: «Астамшылыққа беріліп кеттік»

Жақында Жанбай ауылдық кітапханасы өлкетанушы, ардагер мұнайшы, жергілікті қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектеновпен онлайн сұбат өткізді.

Әлеуметтік желі арқылы оқырмандарымен сұхбаттасқан қаламгер ата-анасы, балалық шағы, шығармашылығы жайында сыр шертіп, қазіргі қоғам төңірегінде де ой өрбітті. Солардың бірі - әлемді жайлаған індет туралы, төтенше жағдай тұсындағы тәртіп жағын да әңгімеге арқау етті ол.  «Бүгінгі күні бүкіл әлемді әбігерге салып жатқан мына жұқпалы індет «короновирус» жер шарындағы адамдардың құт берекесін алып жатыр. Бұл аурудың әзірге емі табылмай, қаншама адам зардап шегіп, қаншама адам өмірден өтіп жатқанына адамзат баласы ойлануы тиіс» дейді өлкетанушы. - Әрбір ел тұрғындары карантиндегі алынған шараларды мүлтіксіз орындап, асқан төзімділік пен шыдамдылық танытып, жалған ақпараттарға сенуге жол бермей, жұдырықтай жұмылып, бірлікте болу - әрқайсымыздың борышымыз, - деген ардагер қиын-қыстау сәтте бағаны жөн-жосықсыз шарықтатып, қалтасын қампитып қалуға тырысып жатқан пайдакүнемдерді де сынға алды. - Осындай адамзаттың басына қиын-қыстау күн туғанда саудагерлер, дүние қуып, ақша жасаушылар да көрініс тапқаны жаныңды қынжылтады. Осындайларды көргенде Абай атамыздың «қайнайды қаның, ашиды жаның» дегенінен басқа сөз тауып айту мүмкін емес. Қанағатсыздарға айтарым: Аталарымыздың «сонша неге құнығасың, ауызыңдағы шайнағаның алдыңа салып айдағаның, жұтқаның - бұйырғаның» деп бір бай адамға айтып кеткен деген сөзі бар. Аталар бізге «барға қанағат қыл» деп өсиет қалдырмап па еді?, - деді Мұрат ағай.

Сондай-ақ ол бұл карантиннен сабақ алуымыз керектігін де атады. «Осы әр отбасы үйден шықпай осыларды саралап ойлансын деп бір Алланың бізге салған сынағы шығар. Неге десең, біз астамшылыққа, шашпа-төкпеге, тойымсыз дәулет жинау, қайырымы жоқ бір-біріне көмегі жоқ, араласы ажыраған, өзара шақырысы тиылған көрші-көлем болып бара жатқанымыз жоқ па? Осы бір адамзат басына қиыншылық түсіп тұрған заманда мойымай осы дерттен аман-есен шығу баршамызға аманшылықты жазғай деген тілекпен жаратқан иемізден дұға тілеп сұралық. Біз бір болсақ бұл қиындықтан да шығатынымыз жеңетінімізге де сенеміз, бәріміз бірге болайық. Осы бір мезгілді пайдаланып, алды артыңды ойлауға болашақ ұрпағымыздың болашағына көз жіберіп, тәрбие әр от басынан басталатына аса көңіл бөлген жөн деп ойлайтын кез де келген сияқты» деген ардагер осы сұхбатты ұйымдастырған Жанбай ауылдық кітапхана ұжымының меңгерушісі Ақтынай Тәшуқызына ризашылығын білдірді. Айта кетейік, Мұрат Бектенов 1946 жылы Нарын құмы Айбас ауылында Ибраимұлы Бектен мен Сисенғалиқызы Марфуғаның отбасында он баланың алтыншысы болып дүниеге келген. Сұхбатты толығырақ газетіміздің алдағы сандарының біріне жариялайтын боламыз.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT