Мажитовтердің концертінде ине шаншар орын болмады

Кеше аудан жұртшылығы жанды дауыста өткен ерекше концерттік кештің куәсі болды.

k

k

Облысымызға белгілі, аудан мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген өнерлі Мажитовтер отбасының "Өнер - біздің бақытымыз" атты шығармашылық кеші өнерсүйер ағайынға ерекше сый болды. Кеш шымылдығы Кенжемұрат пен ұлы Нұртөре ойнаған дауылпаз үнімен ашылып, одан әрі ұл-қыздарының өнерлерімен жалғасты.

k

Кішкентайынан сахнада жүріп, анасы Қамажайға қарап бой түзеген Аяжан бүгінде анасының жолын қуып, Орал қаласындағы өнер колледжінде би өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Оралдық өнерлі жастардан құралған "Салтанат" би ансамблінің мүшесі Аяжан, күні кеше Австрия елінің Кремс, Вельс қалаларында оралдық өнерпаздармен бірге қазақ би өнеріне шетелдіктерді таңдай қақтырып қайтқан болатын. Отбасылық кеште Аяжан Мирас ағасының домбырада сүйемелдеуімен "Аққу" күйіне билеп, жерлестерінің қошеметіне бөленді.

k

k

Бірнеше ән-би байқауларының, телевизиялық жобалардың жүлдегері атанып үлгерген ауданымыздың мақтанышы Дана бұл жолы дәстүрлі өнерде де осал еместігін байқатты. Ол "Әдемі қыз" әнін домбырамен шарықтата шырқаса, әпкелеріне қарап бой түзеп, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің терме сыныбында Әсем Жолдасқызынан дәріс алып жүрген Жанерке де домбырамен "Гүлдерайым", "Қалаулым-ай" сынды халық әндерін орындады.

k

k

Мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған Нұртөре әкесінің дауылпазда ойнаған қимылдарын көріп, сол көрген қимылын, ырғағын дауылпазда соғып алғаш ата-анасын, кейін облыс сахнасында өнер көрсетіп облыс көрермендерін, өнерпаздарын таңқалдырып үлгерді. Сол кішкентай Нұртөре әпкелерімен бірге қазіргі заман әнін орындады. Әншілік пен би өнерінен бөлек домбырада ойнауды жетік меңгерген Аяжан әкесі мен өнердегі ағасы Мирастың сүйемелдеуімен Құрманғазының "Балбырауын" күйін орындады. Кештің ерекшелігі - жанды дауыста отбасылық-аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен өткендігі. Бірнеше аспапты жіті меңгерген Кенжемұрат Мажитов ұл-қыздарына да сол аспаптарды үйретіп, Дана гитарада, Жанерке күйсандықта және Нұртөре дауылпазда, Кенжемұрат бас гитарада "S.O.S", "Тәтті дауыс" әндерін орындаса, 7 жасқа енді ғана толған Нұртөре шетелдік дауылпазшы балалармен батл ойнап көрермен қошеметіне ие болды.

k

k

Төребек Шәріповтың "Атырауым – ән сағым" әні 70-80 жылдары Кенжемұрат ағамыздың жеңгесі Әлләзи Рахишеваның орындауында аудан-аймағымызға танылған болатын. Бұл кеште Кенжемұрат Мажитов жетекшілік ететін "АЙГӨЛЕК" вокалды-аспаптық ансамблімен Дананың орындауында шырқалған ән де әсерлі болды. Ал, Жанерке кең диапазонды талап ететін "Туған жер" әнін орындады.

k

k

Залда ине шаншырлық орын болмады. Кеш соңы отбасы мүшелерінің орындауындағы "Армансыз күнім болмайды" әні және ерлі-зайыпты Кенжемұрат пен Қамажайдың әдемі биімен аяқталды.

k

"Нұр Отан" партиясының облыстық филиалынан келген өкіл Ақтолқын Жақсылыққызы мен Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Мүтиғолла Атоллаұлы құттықтау тілегін білдіріп, өнерлі отбасыға «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы басшылығы атынан ыстық ықыласпен Алғыс хат табысталды.

Альбина Мидар

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521