Мені көбі «ауданның құрметті Аяз атасы» дейді

1979 жылы Амангелді атындағы орта мектепті бітірген Нұрлан Бижанов - өзінің айтуынша, «бір оқуға барсам» деп бас қатырмағандардың бірі. Сөйтіп, бірден еңбекке араласқан.

Ол уақытта сан-салалы шаруашылықта жұмыс көзі жетіп артылады, бозбала Нұрлан да «Новобогат» кеңшарындағы «Жігер» комсомол жастар шопандар бригадасының білдей бір мүшесі болып шыға келді. Тумысынан көпшіл, әзілқой, сонысымен қоса өте қарапайым көмекші шопан жарқылдаған жастардың ортасына бірден сіңісіп кетті. Үйренісіп кеткенінше күнделікті айналып келе беретін қырдағы тірліктен қалжырап жүргендерді Нұрланның қалжыңы әжептәуір сергітіп тастайтын сәттер көп болатын. Оның сонысына риза болған қатарластары «сенің орның сахна ғой» дейтіні әлі есінде.

Еңбекқор, талапшыл жігіт 1983 жылы әскер қатарынан оралысымен трактористікке, жүргізушілікке оқып алды, дәнекерлеушілікті меңгерді, кеңшарда осы мамандықтар бойынша еңбек те етті. Кейін ДРСУ мекемесінде, Теңіз кенішінде қызмет қылған кездерінде Одесса қаласынан білімін жетілдіріп, дәнекерлеушіліктің қыр-сырын шебер меңгергені көп кәдеге асты.

Бойындағы туа бітті әртістік қасиет, өнерге жанашырлық, өнер адамдарымен араласа жүруге құштар көңіл ақыры мұны сол ортаға алып келді. Осылайша, 2006 жылы аудандық «Жалын» мәдениет үйіне шаруашылық жұмыстары меңгерушісі болып орналасқан ол содан табан аудармады. Тікелей міндетін де тастай қылып орындауға төселген кейіпкеріміз «салдырлай» жүріп сахнаның да адамына айналды.

Ол осы бір қабілеті арқасында Аққыстау халық театрының сахнасында біраз бейнені сомдады. Мамандар болса, оның өзі таңдаған кейіпкер образына бірден еніп жүре беретіндігін жоққа шығармайды. Ол сол бейнелерді шынайы сомдауы арқылы көрерменін бірінде толғандыра алды, кей кездері көңілдерін босатты, қайсыбір қойылымдарда күлкіге қарық қылды.

«Мені кейбіреулер «ауданның құрметті Аяз атасы» деп әзілдейтін болыпты» дейді жымия күлген ол.

Айтса-айтқандай, «Жалынға» жұмысқа келгелі бері Қыдыр ата, Аяз ата бейнелерін қаншама рет сомдағанын өзі де дөп басып айта алмайды. Оның осындай еңбегіне берілген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да аз емес екен.

Осылай өнер адамдары қатарына қосылған, өзін әуесқой әртіс санайтын Нұрланның «әуелі өзіме өзім сыншымын» деуі де көп жайттан хабар бергендей.        

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT