Әдетте наурыз айы келісімен жер көгеріп, табиғат қайта түлеп, күн шуақтанып, даланың өзі ерекше әсем кейіпке енетін еді.
Биыл аяқ астынан күн суытып, табиғат тосын мінез көрсетті. Бірақ бұл ұлттық мейрамымыз – Наурызды атап өтуге кедергі болмады. Екі жыл бойы пандемияға байланысты көпшілік шараларға рұқсат берілмегендіктен наурыз мейрамын әркім өз отбасында шағын көлемде өткізгені жасырын емес. Ал, биыл «Ұлыстың – ұлы күнін» ауданда ел болып қарсы алып, көпшілікпен бірге тойлауға мүмкіндік туды. Көптен көрмегендер бір-бірімен көрісіп, құшақтасып арқа-жарқа болды.
Биыл наурыз мейрамы жылдағыдан ерекше ұйымдастырылды. Бұрын киіз үйлер бірыңғай тігіліп, мерекелік шаралар бір жерде өтетін. Ал, биыл Аққыстаудың өзінде бірнеше жерде киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылып, ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Полымбет Хасанов «Еліміздегі жағдайға байланысты екі жыл бойына бас қосып, еркін араласа алмап едік. Халықтың бұл мейрамды сағынып қалғаны көрініп тұр. Биыл әр мекеменің киіз үйлері бірыңғай емес, әр жерге тігілді. Тұрғындар қалаған жерінен мерекелік шараларды тамашалай алады» дейді.
Киіз үйлер қазақы оюлармен безендіріліп, кірсе шыққысыз болып дайындалған. Көпшілік қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдардан дастархан жайып, келушілерге наурыз көжелерін ұсынуда.
Вокзал маңындағы алаңға аудандық білім бөлімінің, «Қазақ елі» саябағына «Сазанқұрақ» ЖШС-нің, орталық стадионның алдында «ПотенциалОйл» мекемесінің, «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ ғимараты алдында мұнайшылардың, аудандық орталық аурухана алдында дәрігерлердің, Өркенде аудан спортшыларының, «Жалын» мәдениет үйі алдында мәдениет саласы қызметкерлерінің киіз үйлері орналастырылып, ертемен дәстүрлі әндер жіберіп, тұрғындардың назарын аударды. Аудан әкімі, орынбасарлары, мекеме-бөлім басшылары барлық киіз үйлерге барып, мейраммен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.
Мерекеге арнайы дайындағасын ба, киіз үйлердегі наурыз көжелердің дәмі тіл үйіреді. Қазақтың ұлттық сусынның құрамын білу келешек ұрпақ үшін де маңызды екенін ескеріп, біздерге наурыз көже ұсынған аудандық аурухананың кіші қызметкері Гүлмира Жүкешовадан көжені қалай дайындағанын сұрадық.
«Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Су, тұз, күріш немесе бидай, ет (қазы), құрт (ірімшік), мейіз (кептірілген жеміс), сүт (айран). Ең бірінші, күрішті суға қайнатып, содан кейін қазы, құрт, ірімшік, мейіз салып, айран құйып араластырып ашытасың, жеті түрлі тағам бір дәмге келгенде наурыз көже дайын болады», - дейді ол.
Міне, көженің дәмді болып шығуының құпиясы осы екен.
«ЖайықМұнайГаз» МГӨБ киіз үйіне барғанымызда, ұлттық ойындардан жарыстар өтіп жатыр, алаңға жақындай бергенде, керемет дауыс естілді. Бұл кім десіп, көруге асықтық. Барсақ, домбырамен ән салып жатқан мұнайшы Қайрат Әбділдаев екен. Сонымен қоса, ардагер мұнайшылар да сырнай домбыраларымен келіп, жиынды одан әрі қыздыруда. Мұнда қазақтың ұлттық дәстүрімен тұсау кесу рәсімін өткізді. Баланың тұсауын кескен аудан әкімі, сәбиге сәтті қадам тілеп, мұнайшыларды көктем мерекесімен құттықтады. Алаңда алтыбақан тігіліп, жастар жағы соны қызықтап жүр. Қайрат Әбділдаевтің домбырамен салған әндері думанды қыздыра түскендей.
«Наурыз – қазақ халқының жыл ауысу мейрамы. Бұл уақыт – күн мен түн теңеліп, мал төлдеп, жер бусанып, қыс бойына қатынаса алмағандардың амандасып, көрісетін мезгілі. Батыс өңірінде ол «Көрісу» деп аталады. Содан бастап наурыз тойланып, төс қағысып көрісіп, реніштерді ұмытып, татуласып, жыл аяғына дейін үлкендерді сыйлап, құрметтеп, солардың ақ батасын алатын халықпыз. Екі елдің арасын жақындастыратын да, татуластыратын да Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі. Бұл қазақтың дәстүрінде жақсы сақталған ғұрып. Өз жеке басымда ешкіммен ренжісіп, араздасуға тырыспаймын. Егер солай болған жағдайда реніштің бәрін ұмытып, көрісіп, кешірім сұрай баруға дайынмын»,-деді мұнайшы әрі әнші Қайрат Әбділдаев.
«Жалын» мәдениет үйінің алдындағы әуелеген әуендер де еріксіз мойын бұрғызардай. Ол жердегі қазақи көйлек киген қыздардың биінен, көктемгі сұлулықтың бейнесін көргендей боласың. Мың бұралған бишілердің қимылдары гүл атқан бәйшешекті суреттеп жатқандай.
Тұрғындарға арналған концерттік бағдарламада қазақтың дәстүрлері сырға салу, қыз ұзату, бесікке салу рәсімдері бойынша көрініс көрсетілді. Сахнаға аудан әкімі Полымбет Хасанов көтеріліп, барша аудан тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтап, әр отбасына молшылық, ырыс-береке тіледі. «Шақырады көктем», «Жақсы адамдарым», «Туған жер», «Үкілі қыз», «Қазақ қызы», «Боз жорға» әндері шырқалып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Өркен ауылында ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Балуандар белдесіп, қара күшті иеленген азаматтар кіртасын көтеріп жарысқа түсіп жатқанына куә болдық. Айналасында қолдау көрсетіп тұрған қалың жұртшылық ду қол соғып, айқайлап делебесін қоздырып, спортшыларға жігер беріп тұр. Әріректе атқа мініп, тазыны тамашалап, суретке түсіп жатқандар да жетерлік. Тартысты өткен сайыстардың жеңімпаздарына марапаттар ұсынылып, сыйлықтар табысталды.
Берікбол ҚОНАРОВ