Оқушылар суретшімен кездесті

Жерлесіміз, суретші, ҚР Суретшілер Одағының және Дизайнерлер Одағының мүшесі, Білім беру ісінің үздігі Әділқайыр Пангерейұлы Жантасов – Исатай орта мектебінде қонақта болды. Мектебіміздің 11-сынып оқушысы, оқу озаты, Алтын белгіге үміткер Халел Еңлік 5-сыныптан бері суретшінің шығармашылығын қызыға зерттеп, өнерін насихаттап келеді.

Ендігі мақсаты – суретшіні тарихи тұлға ретінде таныту. Осы орайда, Еңлік суретшіні өзі оқитын мектеп оқушыларына да танытпақ ниетпен Әділқайыр Жантасовты шеберлік сыныбын өткізуге шақырған болатын.

-Талант туыла біткенмен, оның толысып, өсіп-өркендеуі - адамның жүрегінде жатқан бір сиқыр. Оны жарық жұлдыздайын шығаратын құдірет ол – өнер. Қаншама талант болса да инемен құдық қазғандай ізденбесе, көп еңбектенбесе көмескі тартары сөзсіз. «Шын талант жағдай күтіп отырмаса керек», - дейді суретші. «Еңбек, еңбек,тек қана еңбек, жан-жақты қырыңды аша білу де осы арқылы көрінбек» деген өзінің ұстанымы екенін де айта кетті.

Суретші бірнеше жылдық еңбек жолындағы құнды туындыларын, картиналарын да өзімен бірге ала келген. Әр шығармасына қарасаң көз тоймайды. Еңбектері жан-жақты жанрды қамтыған: адам портреттері, тағылымды тарих, тылсым табиғат, көркем суреттер. Әр шығармасы адам жанының ерекше сұлулығы мен шынайы көркемдігін көрсетеді. Студенттік кездерінде, кішкентай балаларға арнап дайындаған дизайндары кітапшалар түрінде шығарылып, қолданысқа ие болған.

Суретшінің өнеріне тәнті болған оқушылар мен ұстаздар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір бөлісті. Әділқайыр аға мектеп оқушыларына шеберлік сабағын өткізді. Тамаша туынды бейнелеудің қыр-сырын, суретшіге тән қасиеттерді, қарапайым қарындашты ұстаудың өзіндік әдісін, су бояудың мағыналы сурет шығарудағы орнын түсіндірді. Натюрморт салып, сол натюрмортты мектеп оқушыларының салып шығуына бағыт берді. Аз ғана уақытта бірнеше шәкірттің өз портреттерін бейнелеп, қолтаңбасын қалдырды. Жиде ағашынан ойып жасаған домбырасын да ала келген, онымен Сұлтанбек пен Бекзат «Балбырауын» және «Кеңес» күйлерін орындады.

Ата-анасынан дарыған талант бала шағынан бастау алып, ұрпақтарына дарыған. Қаншама биіктерді бағындырса да «Мен сурет саламын. Бірақ нағыз суретші бола алдым ба?» деген сұрақты өзіне жиі қойып, қарапайымдылықтың баспалдағынан әрі аттамаған. Қазақстанның ғана емес, шет елдерге де шақыртумен барып, өз өнерін таныта білген. Бұл кездесу біздің әрқайсымызға үлкен шабыт, ұлағатты тәрбие болды. Талай шәкірттерді тәрбиелеген суретшінің өнерінен қанат алып, біздің мектебімізден де дарынды шәкірттер шығары сөзсіз.

Ұлболсын МАҚҰЛОВА,

Исатай орта мектебінің 11-сынып оқушысы,

«Жас ұлан» ұйымының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521