Өлке тарихы насихатталуы керек

Құрылғанына көп уақыт болмаса да, аудандық музей жанындағы «Мирас» өлкетанушылар клубы осыған дейін ауылдарды аралап, көнекөз қариялардың әңгімесі арқылы көптеген тың деректер жинақтады.

Клуб төрағасы Мәди Өтеғалиев бір сөзінде «Біз бұрын соңды еш жерде жарияланбаған тың деректерді жинақтап, тарихтың көлеңке тұстарын ашып көрсетуге жұмыстанамыз» деген еді. Ауданның арғы-бергі тарихының анықталуына осы клубтың да қосар үлесі аз емес. Аудандық орталық кітапханада өткен «Мирас» клубының кезекті отырысында «Өлкетану мәселелері және насихаттық жұмыстар» туралы талқыланды.

Клуб төрағасы Мәди Өтеғалиев:

- Бүгінгі отырысымыз баспасөз мерекесенімен байланысты болып отыр. Себебі, тарих, өлкетану мәселелерінің насихатталуы, халыққа жеткізілуі, таратылуы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады. Бұл шарада біздер тарихқа, мәдениетке қатысты ұсыныс пікірлерімізді ортаға салып, клубтың келешектегі жұмысын өркендетуіміз керек. Біздер қазір, өлкеміздегі жер-су атауларын, қазба байлықтарын, өсімдіктер дүниесін, жануарлар әлемін, тарихи ескерткіштерін зерттеп жатырмыз. Кейінгі ұрпаққа осы мәселелерді біз анықтап, көрсетіп кетуіміз керек деп есептеймін. Клуб бастап құрылғалы бес айдың ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Қазір құрамында 20 мүшесі бар, егер осыған көмегімді көрсетемін деген белсенділер болса, қатарымызды толықтыруға дайынбыз.

Аудан бойынша  жергілікті тұлғалар мен тарихи орындар жазылған үш энциклопедия кітап бар. Оған қоса, жергілікті қаламгерлердің тарихи кітаптары жарыққа шықты. Дегенмен, соларды қарап отырған кезде әлі де толықтыратын жерлеріміз көп екенін байқадық. Біріншіден, арғы тарихымыз қозғалған жоқ. Екіншіден мұнай өндірісі мен ауыл шаруашылығына көп басымдық береміз, бірақ, шын мәнінде балық өндірісінің негізгі отаны Забурын, Манаш және Новобогат жерлері екенін әлі дұрыс айта алмай жатырмыз. «Жер аты – тарихтың хаты» дейді. Кез-келген жер атауларын қозғасақ, ол тарихтан хабар береді. Мысалы, Манаш деген батыр болған адам. Ал, Бегайдар деген Бөкей сұлтанмен бірге осы жерге көшіп келген досы. Соның азғантай уақыт қоныстанған орны Бегайдар құмы аталып кеткен. Осыларға мән беріп қарауымыз керек.

Исатай ауданында жер атаулары өте көп. Оның басым бөлігі, әсіресе, құм өңіріндегі әрбір шағыл, әрбір сайдың атаулары тұнған тарих. Қазір сол тұрғыда клуб мүшелері жұмыстар атқарып жатыр. Алдағы жоспарда құзырлы мекемелермен бірлесіп, тарихи орындарға аяқтай барып зерттеуіміз керек. Клуб құрылғалы бері аудандық «Нарын таңы» газетінде 20 тарихи тақырыптағы мақала, әлеуметтік желілерде жиырмаға тарта хабарлар жарыққа шықты. Тарихты білетін адамдардың көбі кетіп азы қалды. Сондықтан өлкеміздің тарихын ұрпаққа насихаттау жұмыстарын жеделдетуіміз керек, - деді.

Жиын одан әрі клуб мүшелерінің пікірлерімен жалғасты. Бекболат Мусин алдағы уақытта клубтың жұмысын жандандыру үшін оның өкілеттілігін күшейту жөнінде ұсынысын білдірсе, Жансих Маштахов клуб мүшелерінің қатарын көбейтіп, әркім бар білген-түйгенін, естігенін жасырмай айтуы керек деді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов пен аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегисинов және Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғаділ Боранбаев сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат қызметкерлері  күніне орай өлкетану, аудан тарихы жөнінде жергілікті баспасөз бетінде жазып жүрген бір топ өлкетанушылар мен қоғамдық тілші - авторларды марапаттады.

Округ әкімінің алғыс хатымен Еркін Жұмажанов, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің алғыс хатымен Ибатолла Сәтенұлы мен Аяпберген Мұханбетов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғыс хатымен Бекболат Мусин мен Ержан Шеруенов марапатталып, Шежіреші Сидеғали Нұрманов атындағы сыйлық соғысқа кетіп, майдан даласында қаза тапқан жерлестеріміздің есімін анықтауға көмектесіп келе жатқан клуб мүшесі Еркін Жұмажановқа табыс етілді.

Сыйлықты ардагердің келіні Ақжүніс Боранбаева мен немересі Қуаныш Сидеғалиев тапсырды.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521