Аққыстау халық театры – өнердің қара шаңырағы. Жарты ғасырдан астам уақыт ғұмыры бар өнер ордасының аудан тарихында қалдырған естеліктері өте көп.
Алғашында шағын драма ұжымы болып іргесі қаланған театр кейінірек іргелі өнер ордасына айналды. 1967 жылы 11 қарашада алғаш халық театры атағын драматург Берік Қорқытовтың «Ақбөбек» драмасымен қорғап алған еді.
Алғашқы режиссері Нариман Үлкенбаев болса, халық театры атағын алуға Ғатау Рамазановтың да қосқан үлесін айтпай кетуге болмайды. Осы қос тұлғаның бастамасымен Аққыстау халық театры бастап құрылды. Одан бері 55 жылдың ішінде сахнада көптеген шәкірттер алғашқы ұстаздарының ізін жалғап келе жатыр.
Іргелі өнер ұжымы халық театры атағын соңғы рет өткен жылы драматург Бақыт Мерекенованың «Заманың түлкі болса» драмасымен қорғады. Сол кезде пандемияға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылғандықтан спектакль бейнетаспаға түсіріліп жолданған еді. Одан бөлек, театрдың жоспарлы жұмысына сәйкес ірілі-ұсақты көріністер мен композициялық қойылымдар сахналанады. Былтырдың өзінде балалар үшін «Балшық бала», «Қара шыбын» ертегілері онлайн түрде, әлеуметтік желі арқылы көпшілік назарына ұсынылған. Жалпы халық театры құрылғаннан бері көптеген спектакльдер қойып, талай рет көптің құрметіне бөленді. Үлкендер жағы театр 55 жыл ішінде қандай қойылымдар қойғанын жақсы біледі.
2020 жылы Абайдың 175 жылдығына арнап, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының желісімен жазылған Түсіпбек Мырзабектің «Мәкен қыздың дауы» пъесасы қысқаметражды фильм болып түсірілді. Фильмді түсіру үшін арнайы киімдер тігіліп, орындар таңдалды. Бұл театрдың тарихында алғаш рет болып тұрған нәтижелі жұмыстардың бірі деуге болады. Айтпағымыз, өнер ұжымы сәт сайын түрленіп жатқан заман ағымына бейімделіп, жұмыстарын жандандырып келеді.
Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің директоры Рамазан Бермағанбетов:
- Бұл өнер ұжымы аудандағы тамыры терең ең іргелі ұжым. Өйткені, бұл жерде атақты Нариман Үлкенбаев, Ғатау Рамазанов, Шәмшиден Шәріпов секілді ағаларымыздың іздері жатыр. Біздер ол кісілердің көзін көре қалдық. Өнердің не екенін сол кісілерге қарап үйрендік десек те болады. Сол кісілер құрып кеткен халық театры ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып келе жатыр. Оның келешекте жұмысын жандандыру, шаңырағын шайқалтпай ұстап тұру өнерлі жастардың мойнында. Кейде мерекелік шараларда әртістер жетіспесе ауыл тұрғындары да көмектеседі. Олардың ішінде Ғатау Рамазановтардың көзін көріп, тәлімін алған ардагер өнерпаздар да бар. Ғатиет Мұхитов, Замария Әпешова, Гүлшара Исмагулова сынды аға-апаларымызды айта аламыз,-дейді.
Театр құрылғаннан бері осы уақытқа дейін ыстық-суығына бірге төзіп, көп еңбек сіңірген марқұм Серікқали Қинешов көкеміз еді. Театр тарихында ол кісінің қолтаңбасы қалғанын бәрі де мойындайды. Жоғарыда айтып өткендей, «Мәкен қыздың дауы» филімінде де Абайдың рөлін керемет сомдағанын білеміз. Сондай ардагерлерден сабақ алған бүгінгі буын театрдың жұмысын жандандыратынына ел сенеді. Қазір театр ұжымы жазушы-драматург Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын қоюға дайындалып жатыр.
Театр режиссері Фаруза Рахметова қойылымның жақсы шығуы материалдық-техникалық базаның жақсы болуына және әртістердің шабытына да байланысты екенін алға тартады.
- Театр – өмірдің айнасы. Көрерменге рухани азық беретін өнер. Мен Аққыстау халық театрына алғаш жұмысқа келгенімде, театрдың жауапкершілігін бірден сезіндім. Сол кездегі үлкендерден көп нәрсе үйренуге тырыстым. Қазір сол тәжірибеге сүйеніп, жұмысымды жүргіземін. Театрда өзімнен бөлек екі штат бар. Бірі ассистент болса, екіншісі қоюшы-суретші. Үлкен қойылымдарда мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Енді киім-кешектер мен декорацияға арналған құрал-жабдықтар және жарық беруші аппараттар берілсе, жұмысымыз одан әрі жанданар еді, - дейді ол.
Берікбол ҚОНАРОВ