Бүгін Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде 15 мамыр -Халықаралық отбасы күніне орай аудандық әкімдік пен аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Отбасы –бақыт мекені» атты мәдени шара өтті. Мақсаты – отбасы құндылықтарын кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету.
Шараны ашу барысында алдымен аудан әкімі Полымбет Хасанов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде еліміздің өсіп-өркендеуінде отбасының алатын орны ерекше зор екеніне тоқтала келіп, барша аудан тұрғындарын шын жүректен отбасы күнімен құттықтады.
Бұдан кейін аудан әкімі әр жылдары аудандық, облыстық, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған бір топ өнегелі отбасыларға өзінің Құттықтау хаты мен ескерткіш сыйлықтарын табыс етті. Олардың қатарында аққыстаулық Әміржан Қабделов, Қайырлы Шайхимов, Аманбаевтар, қамысқалалық Ибрайм Қарабалин, Сағидолла Мұхтаров, исатайлық Кенжешев, Салауат Меңдіғазиев, зинедендік Ғұбашевтар, жанбайлық М. Балпанов, З. Жұмағазиев, Ә. Зайдуллиндер, тұщықұдықтық Аманов және Ахатов отбасылары бар.
Ал, Тұщықұдық ауылдық округінен келген Жанатолла Жанғалиев «Ұстаздар отбасы», аққыстаулықтар Қадырбек Әбежанов «Дәрігерлер отбасы», Талғат Сатмағанбетов «Өнерлі отбасы», Жұмабек Абишев «Шаруагерлер отбасы», Нарын ауылдық округінен келген Бақыт Шыманов «Теміржолшылар отбасы», Оралбековтер «Спортшылар отбасы», зинедендік Жақып Енжелов «Мұнайшылар отбасы», Қамысқала ауылдық округінен келген Айбек Нұрлыбеков «Мемлекеттік қызметшілер отбасы» номинациясымен марапатталып, алғыс хаттарға ие болды. Шара соңы ауыл өнерпаздарының дайындаған шағын мерекелік сазды бағдарламасына ұласты.
Аяпберген САЛИХОВ