«Өнерлінің өрісі кең». Өнер ұжымы есеп беру концертін өткізді

Бүгін Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде Новобогат балалар саз мектебінің «Өнерлінің өрісі кең» атты есеп беру концерті өтті.

Өнер мектебінің қорытынды кешін тамашалауға келген ата-аналармен қоса ауыл тұрғындарының да қарасы қалың болды. Салтанатты шара барысында көрермендер назарына алдымен өнерпаздардың әзірлеген сазды бағдарламасы ұсынылды. Кештің шымылдығы дирижер әрі көркемдік жетекші Нэля Жақсымбетованың жетекшілігімен өнерлі өрендерден құралған ансамблдің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылып, Фазыл Ақнұр, Сергей Гаухар, Нұрланқызы Інжу, Жасталап Жанболат, Ғибатолла Ерасыл, Бисенбайқызы Әсем, Қайдар Данияр, Мұрат Нұрсұлтан, Абубакар Аяулым, Көшәлі Меруерт  секілді өнерлі өрендердің орындауындағы халық әндері және термешілер топтамасымен жалғасын тапты.

d5daab1e-23b9-497e-a165-70d3e5fcc87b

Мұнымен қоса, сахна төрінде «1-сынып домбырашылар» ансамблінің орындауында халық күйі «Жастар биі», Еркінғали Ақжайнақтың орындауында Арынғазының «Арынғазы», Болатов Ардақтың орындауында Айтқалидың «Шаттанамын», Өтепберген Аружанның орындауында Құрманғазының «Қыз Ақжелең» күйлері күмбірлете шертіліп, «2-сынып домбырашылар» ансамблінің орындауында Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Арманқызы Інжудің орындауында «Балдәурен», «Жас өрен» тобының орындауында «Ардақта халқым ұстазды», «Қобызшылар» ансамблінің орындауында «Менің әпкем», Айбекқызы Кәусардың орындауында «Қорқыт қобыз» әсем әндері де көптің көңіліне ұсынылды.

Бұдан соң мінберге көтерілген аталмыш мектептің директоры Хамитов Асылжан барша жиналғандарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, өнерлі өрендердің ата-аналарына ыстық ықыласын жеткізді.

4221b46b-85fa-44fe-8cdf-b9a4637fee89

- Алдымен бүгінгі қорытынды кешті тамашалауға келген баршаңызға мектеп ұжымы атынан өз ризашығылымды білдіргім келеді. Биылғы оқу жылы біз үшін нәтижелі болды деп айтуға толықтай негіз бар. Оған себеп, оқушыларымыз бірнеше әр түрлі деңгейдегі өнер бәйгелерінен оза шауып, жеңімпаз бен жүлдегерлер қатарынан көрініп, мектебіміздің мерейін асырды. Осы оқу жылын 120 оқушымен аяқтасақ, оның 12-сі түлектер қатарына еніп, мектеппен қоштасқалы отыр. Түлектеріміз осы 5 жыл бойына алған білімдерін болашақта орайлы пайдаға асырып, халқымыздың рухани қазынасының, өнерінің дамуына өзіндік үлестерін қосатындарына сенім білдіремін, - деген мектеп директоры түлектерге салтанатты түрде арнайы мектепті бітіру куәліктерін табыстады.

df8c7241-001f-41d1-aa2e-5a18f36ba31b

Сондай-ақ қорытынды кеште «Сұрақ-жауап алаңы» да ұйымдастырылып, ата-аналар мен ұстаздар өнермен ұштасқан қызықты тақырыптар төңірегінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Өз кезегінде түлектер өнер ордасына деген қимастық сезімдерін сездірсе, ұстаздары оларға артар үміттің зор екенін еске салды.

04ce9e5a-a7c9-498c-acfd-bc2b80731782

- 12 түлектің ішінде Абубакар Аяулым және Мэлсқызы Әсем есімді шәкірттерім Халық әні пәні бойынша білім алып шықты. Мен кез келген адамның бойында туа бітетін қандай да бір іске деген қабілеті болады және оны қолданса – дарындылығы байқалады, әрі қарай дамып, жетілдірсе – талантқа айналады деп ойлаймын. Осыдан бес жыл бұрын өнер мектебінің табалдырығын аттап, бүгінде мектебімізден түлеп ұшқалы отырған дарынды да талантты қос шәкіртім осы сөзімнің бірден-бір дәлелі. Бес жыл уақыт ішінде олар өздерін шыңдап қана қоймай, республикалық, облыстық байқаулардан да топ жарып үлгерді. Келешекте де шәкіртерімнің өнер айдынында алар асуы, бағындырар белестері мен шығар шыңдарының көп боларына шүбәсіз сенемін, - дейді талантты шәкірттердің ұстазы Базарова Айнагүл.

Өнер ұжымы әзірлеген есеп беру концерті ата-аналар атынан ақжаулықты әже Бозжігітова Ұлмекен мен ауыл тұрғыны Жүнісов Қуанышкерейдің мектеп ұжымына ризашылықтарын жаудырумен қорытындыланды.

Айта кетейік, аталған өнер мектебі 1991 жылы ауданға қарасты балалар саз мектебінің филиалы болып ашылып, кейін 1995 жылы өз алдына Новобогат балалар саз мектебі болып құрылған болатын. 1995-2002 жылдары Мұхиденов Жанпейіс, 2002-2016 жылдары Қарабалин Хайролла, 2016-2020 жылдары Жақсымбетова Нэля сынды өнегелі аға-апаларымыз басшылық еткен мектептің тізгінін 2020 жылдан күні бүгінге дейін Асылжан Хамитов ұстап келеді. 30 жылға жуық тарихында өнер ордасы сансыз дарынды жастың қанатын қатайтып, өмірге жолдама берді. Бұл ретте шын талантты тани білген ұстаздардың да еңбегі орасан.

Бүгінгі есеп беру концерті ауданымыздағы өнер мен мәдениеттің қай деңгейде екенін көрсеткен бір сын болды десек те артық айтпаған болар едік. Сыннан сүрінбей өткен мектеп ұжымының балалардың өнер жолындағы шығармашылығын дамытуда қосқан үлесі зор деп мақтанышпен айта аламыз. 

Әділбек СЫРЫМОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521