Халықтың жан сарайын өнермен жадыратқан облысқа белгілі «Бермағанбетовтер» жанұялық ансамблі, облыстағы халықтық атағы бар ұжымдардың бірі және бірегейі.
1987 жылы алғаш құрылған өнерлі ұжым отыз бес жыл бойы сахнада өнер көрсетіп келді. Ең алғашқы көркемдік-жетекшісі Аманжол Бермағанбетов бірнеше жылдай жұмыс атқарып, кейінгі жылдарда ансамблді басқаруды інісі Русланға тапсырды. Руслан барлық жұмысты өз қолына алғаннан кейін, ансамбл құрамын жастармен толықтырды. Ең алғаш құрылғанда ансамбл мүшелері вокалдық аспаптарда ойнап, өнер көрсетті.
Барабанда ойнаған Рамазан Бермағанбетовтың айтуынша, ағалары Уалижан салист, Көмек домбырашы, Жұмажан ритм гитарада, бөлесі Алхам басгитарада, інісі Аманжол клавиште ойнаған.
Сол уақытта отбасылық ансамблдердің облыстық байқауларына бірнеше рет барып қатысқан. Тіпті, басқа облыстарға дейін барып өнер көрсеткен. Соның арқасында 2008 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Бермағанбетовтер отбасына жоғары орындау шеберлігі және көркемөнерпаздар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі үшін «Халықтық өнерпаздар ұжымы» атағы берілді. Содан бастап ережеге сәйкес ұжым үш жыл сайын халықтық атағын қорғау үшін есептік концертін өткізіп отырды.
Рамазан бірнеше жылдан бері Тұщықұдық ауылында Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің директоры болып жұмыс жасап келе жатыр. Ансамблдің жетекшісі Руслан да осы мекеменің ішінде тұрақты жұмыс істеп келе жатқан маман. Күні бүгінге дейін, ансамблдің репертуарында халық әндерімен қоса қазақ, орыс композиторларының көптеген әндері шырқалды. Жергілікті халық осы ансамблдің өнерімен сусындап келді десек те болады. Өйткені, өнерлі әулет өнерді тек қана сахнада емес, той-думандарға да арнаудан шаршаған емес. Рамазанның айтуынша, ол кісі студент кезінен бастап, тойға шыға бастаған. Кейін аудан, облыс көлемінде әйгілі музыканттар атанып, үлкен дәрежеге қол жеткізген.
Жанұялық ансамблдің жеткен жетістіктері айта берсе өте көп. Соның ішінде бүкіл облысқа, республикаға танымал «Шырайлым» ән-би тобын айтуға болады. Оның жетекшісі Шырын, бұрын ансамблде биші болып, қазір өз алдына жеке құрам болып шықты. Олар туралы Атырау қаласында білмитіндер кемде кем.
Бұл әулеттің әрбір баласы өнерден хабарсыз емес. Ол сонау Мажит атамыз бен Зәмзәм әжемізден басталады.
- Үлкен кісілерден әкеміз туралы көп әңгімелер естідік. Ол кісі дауысы зор әнші болған. Ән айтқанда дауысы алты қырдан асатын көрінеді. Ал анамыз жайлы айтатын болсақ, ол кісінің де әншілік өнері туралы айтқан кісілер көп болды. Бұлбұл дауысты тамаша әнші болған кісі, - деді Рамазан.
Жанұялық ансамблдің аудан мәдениетіне қосқан үлесі мен әкелген жетістігі мол. Өнерлі шаңырақтың тарихы келешектен келешекке жалғасын таба беруі тиіс. Қазіргі заманауи талапқа сай, ансамбл жетекшісі Руслан эстрадалық әндерді дәстүрлі жанрға айналдырып орындауды қолға алып жатыр.
- Алда көптеген жоспарлар бар. Соның ішінде ойлап жүрген басты мақсатым, бұрынғы вокалдық аспаптарды қайта жандандыру, - дейді Руслан.
- Қазір музыка саласында эстрада жанры басымдылыққа ие. Бірақ, әнші ең бірінші әннің сөзіне мән беруі керек. Қазіргі уақытта ол маңызды болмай қалды. Сол себепті ән тыңдарманның жүрегіне жетпей қалып жатады. Әнші әннің мағынасына қарай, образға кіріп айтқанда ғана, ән жүрекке жетеді. Осыны ансамблдің жас буындарына үнемі айтып жүремін, - деді, Рамазан.
![]()
Берікбол ҚОНАРОВ