Ұстаздың адам өмірінде алатын орны ерекше екендігін, ұстаз мамандығының қыр-сырын түсіндіру, олардың еңбегін бағалай білуге тәрбиелеу мақсатында аудандық Оқушылар үйінің ұйымдастыруымен Ұстаздар күніне орай «Ұстаз бақыты – шәкірт құрметі» атты кездесу кеші өтті.
Шараға ауданымыздың ардагер ұстаздары Бақтыгерей Бисенғалиев ағай, Қойсын Тілемісқызы, Малика Ғалымқызы апайлар және жас ұстаздар Айдана Жамбылқызы, Эльвира Алхамқызы шақырылды.
Мерекелік кештің шымылдығы Оқушылар үйінің директоры Ақтолқын Шайхықызының құттықтау сөзімен ашылды. Кеш қонақтарын төл мерекемен құттықтаған ұжым басшысы ұстаздардың қоғамдағы алар орны маңызды екенін атап өтті.
- Ең алдымен бүгінгі мерекелік кештің қонақтарына, яғни мәртебелі мамандық иелеріне шынайы ықыласымды білдіремін. Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, Ұстаз - әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу - аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін ұстаздардың еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздарға құрмет арта бермек. Бүгінгі кездесу кеші де сіздердің құрметтеріңізге орай ұйымдастырылып жатыр,- деді.
Одан әрі кештің жүру барысына «Ұстаз мамандығын таңдағаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?», «Ұстаз болмағанда қандай мамандық иесі болар едіңіз?», «Шәкірттеріңіздің сізге ұсынған ұмытылмас ең бір тамаша сыйы», «Өмірдегі ұстанымыңыз», «Мектепте болған қызықты оқиға», «Шәкірттеріңіз үшін неден бас тарттыңыз?», т.б сұрақтар өзек болды.
Білім беру жолындағы табандылық пен маңдай тердің жемісін көріп отырған Бақтыгерей ағай сөз кезегін алып, тағылымды ойларымен бөлісіп, мектеп өмірінен сыр шертті. Ал, «Шәкірттеріңіз үшін неден бас тарттыңыз?» деген сұраққа жауап берген Қойсын апайымыз, өткен жылдарда өзіне ұсынылған жаңа қызметтен және соған сай берілетін жаңа пәтерден бас тартқанын айтты. Ол өз сөзінде бұдан бас тартуына бөбекжай-бақшадағы өзінің бүлдіршін шәкірттеріне деген қимастық сезімі себеп болғанын толқыныспен білдірді. Арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беруде жас ұстаздар да белсенділік танытты. Мәселен, Оқушылар үйінің қызметкері Жамбылқызы Айдана өзінің өмірдегі ұстанымын қазақтың бас ақыны Абайдың өлең шумағымен жеткізді.
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - деп өлеңнен үзінді келтірген жас ұстаз өмірдегі ұстанымы әрқашан өзіне, адал еңбегіне және біліміне сену екендігін әсерлі жеткізе білді. Одан бөлек ұстаздар қауымы ұстаздың тұлғалық қасиеті, мәртебесі, оқушыға үлгі болуы, жаңашылдыққа бетбұрыс жасай отырып, өзін жан-жақты дамыту керектігі секілді мәселелер төңірегінде пікір алмасып, оралымды ойларымен бөлісті.
Мерекелік кеш көрерменіне көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған аудандық Оқушылар үйі шәкірттерінің мерекелік сазды бағдарламасымен жалғасты. Шараны қорытындылаған Оқушылар үйі директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Айтолқын Изтаева кеш қонақтарына өнегелі әңгіме өрбіткендеріне алғыс білдіріп, ескерткіш сыйлықтар ұсынды.
Өз кезегінде ұстаздар осынау шараға шақырған Оқушылар үйі ұжымына алғыстарын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.
Әділбек СЫРЫМОВ