Парасат иесіне құрмет көрсетілді

Өткен жылы аталып өткен ауданымыздың 90 жылдығы аясында өңір дамуына бір кісідей еңбегі сіңген адамдарға «Ауданның Құрметі азаматы» атағы берілгенін газетіміздің бетінде кезінде жаздық.

Олардың өмірбаяны мен сіңірген еңбектерін де атап көрсеттік. Аталмыш марапатты табыс-тау кезінде шетелде іссапарда болуына байланысты мерейтойлық мерекеге қатыса алмай қалған Мейрам Ахметжановтың марапаты өткен сейсенбі күні аудандық әкімдікте салтанатты түрде табысталды.

Құрметті ағамыздың әкесі Сапи Ахметжанов осы өңірде өмір сүріп, көпшіліктің ілтипатына бөленіп, өңір экономикасы мен дамуына атсалысқан, ұзақ жыл атқарушы салада еңбек етіп, құрметпен зейнеткерлікке шыққан, көзі тірісінде абыз атанған кеудесі қазына қария болғанын ел адамдары жақсы біледі. Оның тұңғыш ұлы Мейрам Сапиұлы да әкенің тәрбиесін алып, жастайынан еңбекке араласып, саналы ғұмырын мұнай-газ саласына арнаған Қазақстанның және әлемнің маңдайалды мұнай компанияларында аса табысты қызмет еткен жоғары санатты маманы. Бүгінде 2004 жылдан бері халықаралық «Каспий Құбырлары Консорциумы (КТК)» АҚ-да бас менеджер болып қызмет атқарып келеді.

-  Алғашқыда «КТК» жобасы қолға алынғанда оның жобалық құны 5 миллиард доллар болды. Алайда, жоба аясында әлеуметтік салаға арналып қаржы бөлінбеген екен. Бірнеше мемлекеттің үстінен өтетін, атап айтқанда Исатай ауданы арқылы да мұнай тасымалдайтын қуатты жоба аясында өңірдің әлеуметтік саласы үшін қаражаттың бөлінбеуі мені алаңдатқаны рас. Содан бастап компания басшылығымен келісімге келе жүріп, әлеуметтік жауапкершіліктің мазмұны мен мән-мағынасын ұғындырып, нәтижесінде 60 миллион доллар шамасында қаржы аударуға көндірдік, - деп ағынан жарылған Мейрам Сапиұлы сол күннен бастап біздің ауданға да сол қаржының шетінен үлес тиіп, әлеуметтік нысандар құрылысына бөліне бастағанын айтты. Осы сөзді қуаттаған аудан әкімі де 2017 жылы аталған компанияның Исатай ауданындағы стансысы ашылғаннан бері аудан бюджетіне салық есебінде 1 миллиард теңгедей қаржының түсетінін жеткізді.

Өңіріміз үшін осынша зор қызмет еткен және жалпы алғанда ел дамуы үшін мағыналы қызметтер атқарған Мейрам Сапиұлының кеудесіне ауданның жоғары мәртебелі атағы төсбелгісін қадаған аудан әкімі онымен қоса «Исатай ауданына - 90 жыл» мерекелік медалін де табыс етті. Сонымен бірге ұдайы түрде мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға өз отбасы атынан жәрдем жасап жүргені үшін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп келе жатқан «Жомарт жүрек» ұлттық конкурсының аудандық деңгейі бойынша «Жыл меценаты» номинациясымен өз атынан Алғыс хатты табыстады.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521