Қамажайдың шәкірттері шырайлы кеш сыйлады

Аудан орталығында өткен аудандық «Оқушылар үйі» жанындағы үлгілі «Аққайың» және «Қамажай» би ансамблдерінің есептік концертіне жиналған көрермендердің қарасы қалың болды.

Есеп беру кешіне келген әрбір көрерменге қазақы дәстүр бойынша бауырсақ пен ақ ұсынылды. Өнерді сүйіп құрметтеген аудан жұртшылығы залға сыймай, кейбірі концерттің соңына дейін тік тұрып тамашалады. Ең бірінші кештің шымылдығы «Сағым дала» биімен ашылып, бишілер ұлттық киіммен өнер көрсетті.

Алғашқы құттықтау лебізін арнаған аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан:

- Хареогрофия – грек тілінен аударғанда «би» және «жазу» дегенді білдіреді. Би өнері – көңілдегі ойды қимыл арқылы көрерменге жеткізеді. Бүгін, сол би өнері арқылы біздің өрендерімізді тәрбиелеп, еліміздің мерейін асырып, аудан өнерпаздарының үлкен қолтаңба қалдыруына себепші болып жүрген Қамажай Мұғауқызының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Кешімізге қонақ болып қатысып отырған ҚР-ның Халық әртісі, биші Гүлжан Ізімқызының творчествалық жолы ерекше болса, Қамажайға да сол жолды тілейміз. Өйткені, Гүлжан апай қазақтың би өнерін әлемнің 52 еліне паш еткен адам. Ол өзінің 2019 жылы 70 жылдық мерейтойы кезінде әлем бойынша тұңғыш рет халықаралық би фестивалін өткізді. Қандай марапатқа да лайықты тұлға. Бишілерге творчествалық табыс және биік жетістіктер тілейміз, - деді.

Сонымен қатар, Қамажай Зайнова мен би ұжымындағы биылғы мектеп бітіруші түлектерге аудан әкімінің құттықтау хатын тапсырды.

Би кешінің құрметті қонағы ҚР-ның Халық әртісі, биші Гүлжан Талпақоваға би жетекшісі Қамажай Зайнованың шәкірттері атынан гүл шоқтары тарту етілді.

Осыдан бір ай бұрын Тұщықұдық ауылынан ашылған би үйірмесіне қабылданып, сахнаға алғаш рет қадам басып тұрған «Қамажай» би тобының 3-тобы «Баю-бай» биін билеп, көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады. Би өнерін биік бағалайтын көрермендерге бұдан кейін ұлттық, классикалық билермен қоса заманауи билер де тарту етілді. 

Айта кетейік, жуық арада халықаралық «Жас толқын» КТК өнер байқауы өтіп, үлгілі «Аққайың» би ансамблінің орта топ бишілері «Еркесылқым» биімен байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Енді оларды Мәскеудің төрі күтіп тұр.

Сондай-ақ, Раяна Жұбатқан би падишасы Гүлжан Талпақованың би байқауынан «Аққу» биін билеп І орынды иеленді. Жетістікке жеткен бишілер сахна төріне шақырылып, олардың тамаша өнеріне халық куә болды.

«Аққайың» би ансамблі бастап құрылғалы көптеген шәкірттерді түлетіп ұшырды. Алғашқы түлектерінің өзі қазір түрлі салада қызмет етіп жатыр. Енді бірі жанұялы болып, көп балалы ана атанып отыр. Олар өздерін осындай жетістікке дейін жетуге көмектескен ұстаздары Қамажай Зайноваға үнемі алғыстарын айтып жүреді. Олар өнер жолын түбегейлі таңдамаса да, осы би өнерін өздеріне өмірлік серік ету арқылы мәдениетті түсінді. ЛЭД экран арқылы олардың би ұжымына арнаған лебіздері тыңдалды.

Үлгілі ұжымның жетекшісі Қамажай Зайнованың өнер жолында да, өмір жолында да серігі Кенжемұрат Мажитовтың шәкірттері гитарамен композиция ойнады және аудан өнерпазы Рысбек Құзайровтың орындауындағы «Кукушка» әнін сүйемелдеді. Бұған қоса, Айзада Мұстахимова «Аққу арман» әнін орындап, көпшіліктің көңілін елжіретті.

Шара соңында Қамажай Зайнова биылғы мектеп бітіруші шәкірттеріне сәттілік тілеп, сертификат тапсырды.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521