Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұйымдастыруымен ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, белгілі дәстүрлі әнші Пахаман Құттымұратов атындағы облыстық «АҚСҰҢҚАР» конкурсы болып өтті.
Оған қала және аудандардан музыка мектептерінің «Халық әні» бағытында білім алып жатқан өнерлі оқушылары қатысып, үлкен және кіші топта өз өнерлерін ортаға салды. Олардың қатарында үлкен топтан қатысқан Новобогат балалар саз мектебі «Халық әні» сыныбының оқушылары Абубакар Аяулым және Көшәлі Меруерт те бар.
Болашағынан зор үміт күттіретін өнерлі оқушылар бұл жолы да сахна төрінде өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Нәтижесінде, бақ сынаған байқауларында бәйге алып, қанжығасын майлап қана жүретін Аяулым танымал әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясының ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова атындағы арнайы жүлденің иегері атанса, Меруерт белсенділік таныта білгені үшін ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хатпен марапатталды.
Осылайша, талантты өрендер өз жетістіктерінің арқасында мұнайлы ауданның өнер қонған өлке екенін тағы бір мәрте көпке паш еткендей. Олардың Новобогат балалар саз мектебі «Халық әні» сыныбының ұстазы Айнагүл Базарованың шәкірттері екенін де айта кеткен жөн.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Айнагүл Базарованың «Егемен еліміздің еңселі ұстаздары» атты облыстық байқаудан жеңімпаз атанғанын хабарлаған болатынбыз. Енді міне, араға екі күн салып тәжірибелі ұстаздың шәкірттері де облыс деңгейіндегі конкурстан топ жарып, ауданымыздың абыройын асырды.
Әділбек СЫРЫМОВ