21 наурыз күнгі Наурыз мерекесінің дүбірлі тойында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер мен мекемелер ақ шаңқан киіз үй мен алтыбақан құрып, келген қонақтар мен тұрғындарға бауырсақ пен ақ ұсынды.
Ұлттық спорттық сайыстар мен мекемелер арасында «Наурыз көже» байқауы өтіп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. І орынды "Айжұлдыз" бөбекжай бақшасы ұжымы иеленсе, ІІ орын Ғ.Масалимов орта мектебі ұжымына берілді. Ал, Қамысқала амбулаториясы ұжымына ІІІ орын бұйырды. Сонымен қатар, ауылдағы мекеме ұжымдары ұлттың киімдерден сән үлгісін көрсетіп, Айжұлдыз, Аққу бөбекжай бақша ұжымдары мен Новобогат орта мектебі ұжымының сән үлгілері ерекше көзге түсті.
Шара барысында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Мусин жиналған ауыл халқын жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған Наурыз мейрамымен құттықтап, бір топ азаматтарға Құттықтау хаттар тапсырды.
Аяпберген САЛИХОВ