Қ.Ризуанов: Сыпайылық «сізден» басталады

Кеше аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Атырау облысының, Индер, Исатай, Махамбет аудандарының құрметті азаматы Қатимолла Ризуановтың 80 жасқа толуына орай ардагермен кездесу кеші өтті.

Алдымен экран арқылы ардагердің қысқаша өмірдерегі мен еңбек жолы жайында түсірілген бейнеролик ұсынылды. Одан соң мерейгер сахна төріне шақырылып, кеш жүргізушісі қойған түрлі сауалдарға жауап берді. Өскен ортасы, алғаш еңбекке араласқан сәті жайында сөз еткен ол кешегі кеңес дәуірі мен қазіргі қоғамды салыстыра отырып, өткеннің озығы мен тозығын ой елегінен өткізді.

-Тарих ұмытылмауы керек. Рас, кеңестік кезеңнің кем тұстары көп болды. Ескілікпен күресу деген желеумен елді дінінен, тілінен, дәстүрінен айырғысы келген кеңестік идеологияның сойылын соққандар басқа басқа, «бұрынғыны еске салады» деп домбыраның өзін жоғалтқысы, жалпы ұлтты құндылығымыздан айырғысы келді. Алайда, талап, тәртіп сияқты керек тұстарын да жоққа шығаруға болмайды, - дейді ардагер.

Елбасымен жиі кездескен Қатимолла ағай сол ұмытылмас сәттерден алған әсерімен де бөлісті. Кейінгі буын тәрбиесі, рухани құндылықтарымызды қорғау жайын да сөз қылды.

– Жастарымыздың ішінде «сен» деп сөйлейтіндер көп кездеседі. «Сәлеметсіз бе?» деп сәлемдесу сәнге айналғандай. Сыпайылық, үлкенге «сіз» деп құрмет білдіру секілді дүниелерден алшақтап бара жатқандаймыз. Рухани тәрбие деген осыдан басталуы керек қой, - деген ардагер қоғамдағы істен гөрі құрғақ әңгімелердің көбейіп бара жатқанын да сынап өтті.

- Қай нәрсені де көпсөзділіктен гөрі нақты іспен дәлелдеген жөн деп есептеймін. Мәселен, Елбасы Жолдауындағы міндеттерді қолға алып, бірден іске кіріскеннен, оны түсіндіреміз деп көп әңгіме қылып жүріп аламыз, - дейді еңбек ардагері.

Ал аудан халқына білдірген лебізінде Нарын құмын игеру, ауыл шаруашылығы саласын өркендету, басқа да шешімін таппай жатқан шаруалар жүзеге аса, атқарылып жатқандары жандана түссе деген ағалық тілегін жеткізді. Асылды алыстан іздемей, қасымыздағы дүниелерді көрген дұрыс деп есептейтін құрметті азамат өлкеміздегі тұнған тарих пен тұлғаларымызды зерттеп, насихаттау керектігін де айтады.

Шарада кеш қонағы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев, аудан әкімі Марат Мурзиев, ауданның құрметті азаматы, ардагердің жеделдес інісі Жұмажан Қадимов құттықтау сөз сөйлеп, құттықтау хаттары мен сый-сияпаттарын табыстады. Кеште Н.Жантөрин атындағы олыстық филормония әншісі Манарбек Дәулетов, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі Зоя Насиханова, ауданымыздың әншісі Әділбек Жұмашевтар өнер көрсетті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521