Сәттібек – халықаралық фестиваль жеңімпазы

«Жадыра, жас дарын!» қорының ұйымдастыруымен Атырау қаласында 15-17 желтоқсан күндері ІІ халықаралық «Ақ сәулелі алтын таң!» фестиваль-байқауы болып өтті.

Дарынды жастарың шығармашылық қабілетін арттыру және олардың әлеуетін толыққанды ашу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық фестиваль-конкурста өнерпаздар аспаптық музыка, вокал, хореография, көркем сөз жанрлары бойынша сынға түсті. Бұл өнер додасына ауданымыздан Хамит Ерғалиев ауылындағы Жалпы білім беретін Новобогат орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ғинаят Сәттібек қатынасқан болатын.

Сәттібек сынға түскен вокал номинациясы бойынша 60-қа жуық үміткер өнер көрсетті. Олар жас ерекшеліктеріне қарай балдырған, кіші, орта, үлкен және жоғары топ болып бөлінді. Бұған дейін де өнерімен мектеп абыройын асырып жүрген жас әнші бұл жолы да өзгелерден оқ бойы озық танылып, Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әнімен жарыстың «Гран-Приін» иеленіп қайтты.

-Сәттібек бұған дейін де талай рет аудандық, облыстық Абай, Фариза, Қадыр оқулары , «Жарқын болашақ» олимпиадасы, патриоттық әндер конкурстарында топ жарып, өнерімен танылып жүр. Бұл жолы да тыңғылықты дайындық пен өзінің ерік-жігеріне сенген шәкіртім көрерменнің ыстық ықыласына, қазылардың оң бағасына ие болып, бас бәйгеге қол жеткізіп отыр, - дейді Сәттібектің өнерін шыңдап, биік белестерге жетелеп жүрген ұстазы, жоғары санатты саз пәні мұғалімі,әуесқой сазгер Гүлайнаш Ахметқалиқызы. Өнерің өсіп, сәттілік серік бола берсін, Сәттібек!

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521