ҰШҚЫР ОЙ АЛАҢЫНДА МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЫҚТЫЛЫҒЫН КӨРСЕТТІ

Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мәдениет қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Quiz» интеллектуалдық ойыны өтті. Бұл шараға Қамысқала, Жанбай, Н.Үлкенбайұлы атындағы ауылдық мәдениет үйлерімен қатар аудандық «Жалын» мәдениет үйі және аудандық орталық кітапхана қызметкерлері қатысты.

Мұндағы мақсат – мәдениет қызметкерлерін ортақ арнада біріктіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, білім мен шығармашылықты дамыту. Quiz ойыны жеті раундтан, 43 сұрақтан құралып, әр сұраққа он ұпайдан белгіленген.

Бұл интеллектуалдық ойынның тартысты әрі қызықты өткенін  Жанбай мәдениет үйінің әдіскері Венера Қасымова тілге тиек етті.

– Ойын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әсіресе, «Оңай сұрақ», «Фото сурет», «Логика», «Аудио сұрақ», «Наунейм» секілді тақырыптар бізге қатты ұнады. Біз, Жанбай мәдениет үйінің жас қызметкерлері, бұл сайыс-ты үлкен қызығушылықпен қарсы алып, барымызды салдық. Осындай ойындар адамның ой-өрісін дамытуға үлкен әсер етеді. Сондықтан жастарды мұндай шараларға белсене қатысуға шақырамын,- деді ол.

Сайысқа қатысушылар ішінен алдыңғы буын өкілдеріне де кезігіп, сөзге тартқан едік.

– Аудандық кітапхана орталығы да, «білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» дегендей, өзінің интеллектуалдық деңгейін байқатып, біліктілігін сынап, сынға түсті. Мұндай шаралар әр оқырманның, сондай-ақ, жастардың біліктілік деңгейін байқатуда жиірек болғаны  құптарлық жайт деп ойлаймыз,- дейді бізбен болған әңгіме барысында аудандық орталық кітапхананың библиографы Маусым Тулеушова.

Ойын соңында командалар жетістіктері бойынша марапатталды. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Марат Жұмабеков белсенділік танытқан «Жанбай», «Болашақ» және «Bookstar» командаларына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады. Ал айтулы додадан суырылып алға шыққан Қамысқала мәдениет үйінің «Бірлік» командасы үздік үштікке іліксе, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің атынан шыққан қос команданың бірі  екінші орын еншілеп, ал  бірі – «Жастар»  командасының қанжығасына бірінші орын бұйырды.

Мәдениет қызметкерлері бұл ойынды тек сайыс ретінде ғана емес, тәжірибе алмасу, білімдерін кеңейту алаңы ретінде де қабылдады. Осындай шаралардың жиі өткізілуі қоғамда ойлы, саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлкен септігін тигізетіні анық. «Quiz» тек білімділердің жарысы емес, ортақ құн-дылықтарды насихаттауға, шығармашылықты шыңдауға бағытталған ерекше ойын. Мәдениет қызметкерлерінің осы бәсекеге белсене қатысып, өздерін жан-жақты дамытып жатқаны көңіл қуантады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT