Тұщықұдықта ақ жаулықты аналар бас қосты

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» акциясын өткізуге бастама көтерген еді.

Еліміздің барлық өңірлерінде тамыз айының басында бастау алатын бұл акция Тұщықұдық ауылында да өз жалғасын тапты.

Иә, қазақ халқында орамалдың өз қадір-қасиеті бар. Ақ жаулығын аппақ арындай көріп, дақ түсірмей жүрген аналарымыз үшін ақ орамал алтын тәжбен пара-пар. Аталған акция аясында Аналар кеңесінің мұрындық болуы- мен Тұщықұдық ауылындағы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде «Ананың – мейірімді жүрегі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

860820c9-94e7-4e45-9d0d-b1d95630e509

Ауданның дамуына саналы ғұмырын арнаған ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектерді Тұщықұдық ауылдық округі әкімі Айбатыр Бекішұлы, ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайырлиева құттықтап, шараның шымылдығын ашты.

- Пандемия кезінде бұндай шаралар өткізілмей, халық бір- бірінен алшақтап қалған еді. Аталған шара осыдан үш жыл- дай бұрын ауданымызда бастау алып, көптің көңілінен шыққан. Міне, бүгін де өз жалғасын тауып, ауылдың ақ жаулықты аналары мен келіндерінің басын қосқан үлкен шара ретінде өткізілуде. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда заманның ағымы ма, көп келіншектер орамал тақпай жатады. Ал, шындап келсек, ақ орамалдың киесі, қасиеті бар. Тазалық пен аппақ ниеттің көрінісі іспетті ақ орамал әдемі келіндердің ажарын одан әрі ашатындай. Ақ орамал әр келіншектің басына қонған бақ.

Иба мен инабаттылықты дәріптейтін шараның көздейтіні ауылымыздағы көпбалалы, өмірлік тәжірибеге бай аналарымызды қыз-келіншектерге үлгі қылу, ақ жаулықты кие тұтқан аналар арқылы жастарға тәлім беру, - дейді Балғаным Қайырлиева.

Ауылдағы алтын құрсақты бір топ ақ жаулықты ана жүргізушінің қойған сауалдарына жауап беріп, ауылға жаңа түскен келіндердің басына орамал байлап, ақ батасын берді.

– Ұядан ұшып, ақ босаға аттағаныма екі ай уақыт өтті. Өмірде үлкен белестерді бағындырған, әулет пен ауыл-аймаққа сыйлы ақ жаулықты аналарымызды көріп көп ой түйіп, ақ орамалдың қасиетті екенін бұрыннан білсем де, мәнін осы шара арқылы тереңнен түсіндім. Ақ жаулықтың мәртебесі келіннің мерейін асқақтатын күшке ие екенін білдім, осындай игі шаралар өз жалғасын тапса деймін, - дейді шараға қатысушы жас келін Аякөз Хамитова.

Сонымен қатар, мәдени шараға Аудандық ардагер- лер кеңесінің төрайымы Гүлбану Ружанқызы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин мен аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нүрия Хамзақызы қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге әкеліп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аяғынан тік тұрғанша көмегін аямайды. Шарада дәл осы ұғымды айшықтай түсетін «Ақ жаулықты ана» атты қойылым ұйымдастырылып, көрерменнің көңілінен шықты. Ауыл өнерпаздары да келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеп, әдебін, ұлттық болмысын сақтап, дәстүрін ұмытпады. Орамал – әйел затының әуелі ана, біреудің Құдай қосқан жары екенін білдіретін белгі. Сондықтан, қай уақытта да өз мәнісін жоғалтпайтын ақ жаулықты қадірлеп, өз бағасын білген жөн.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521