Қимылдың өзі сөйлейді

Тұщықұдық ауылындағы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде аудандық білім бөліміне қарасты оқушылар үйінің ұйымдастыруымен «Би әлемі» атты Халықаралық би күніне арналған мерекелік концерт өтті.

Ауылдық округтердегі би ұжымдарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған аудандық шараға Аққыстаудан «Ақ қайың», «Қамажай», Қамысқаладан «Көркем», Жанбайдан «Каспий толқындары» би ансамбльдері өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік концерт «Ақ қайың» би ансамблінің «шашу» биімен ашылды. Одан әрі «толқын» биін «Қамажай», «Батырлар» биін қамысқалалық «Көркем», «Орыс» биін жанбайлық «Каспий толқындары» ансамблдері тамаша орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ «Қарлығаш» бөбекжай бақшасының кішкентай жұлдыздары да шеберліктерін көрсетті.

Оқушылар үйінің би үйірмесінің жетекшісі, жоғары санатты хареограф Қамажай Мұғаауқызы:

- Халықаралық би күніне орай өткізген шарамыздың мақсаты – бишілеріміздің шеберлігін шыңдау, ауылдық округтердегі би ұжымдарымен тәжірибе алмасу. Жуырда Тұщықұдық ауылында да «Қамажай» би тобының би үйірмесін аштық. Осындай шаралардың өтуі, би үйірмесіне қатысушыларды ынталандырады, - дейді.

Би кешінде аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан тұрғындарға тамаша кеш сыйлаған би ұжымдарына алғыс білдірді. Ауданда би өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан Қамажай Мұғауқызының да еңбегін атап өтті және би ұжымдарының жетекшілеріне жетекшілеріне өз атынан құттықтау хат табыстады. Сондай-ақ оқушылар үйінің әдіскері Гүлшат Хисметуллина би ұжымдарына аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиеваның алғыс хатымен марапаттады.

Концертті тамашалауға келген аққыстаулық Ақмарал Науанова:

- Қызым 1-сыныптан бастап биге қатысады. Бүгін де өнер көрсетті. Қолдау білдіруге келдім. Жалпы би баланың қимыл-қозғалысына, топпен жұмыс жасауға дағдылануына, бос уақытын тиімді пайдалануға жақсы әсер етеді. Бүгін қамысқалалық, жанбайлық бишілер де жақсы өнер көрсетті. Осы шараны ұйымдастырушыларға, би үйірмесі жетекшілеріне ата-аналар атынан алғыс айтамын, - дейді. 

Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы ауыл тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған би ұжымдарына алғыс білдірді.

Айта кетейік, ауданның би әлемін қалыптастыруда Қамажай Зайынованың еңбегі ұшан-теңіз. Оның тәрбиелеген шәкірттері талай мәрте республикалық, халықаралық конкурстардың бас жүлдегерлері атанды. Екі рет Исатай ауданының «Үздік мәдениет қызметкері», Атырау облысы бойынша «Үздік ауылдың мәдениет қызметкері» атанды. 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT