Атырау қаласында "Конферансье - 2020" облыстық кеш жүргізушілер байқауы өтті.
Оған аудандық "Жалын" мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, аудандағы көптеген мәдени-көпшілік шараларды өз мәнінде жүргізіп жүрген біздің мақтаныштарымыз Ұлан Меңдіғазиев пен аудандық орталық кітапхана қызметкері Эльза Қабдолова қатысып, жүлделі ІІ орынға қол жеткізді.
Жеті ауданнан және Атырау қаласынан қатысқан 13 үміткердің арасынан ерекше көзге түскен Ұлан мен Эльза үш кезеңнен сүрінбей өтіп, тосыннан келген сұрақтардан да тосылмапты.
- Сайыс үш кезеңнен тұрды. Оның біріншісі «Сахна және сөйлеу мәдениеті» деп аталды. Бұнда үміткерлер алдын ала дайындап әкелген монолог, өлең, мысал, жаңылтпаш секілді шығармаларды көрермен назарына ұсынса, екінші кезеңде билеттер суыру арқылы ситуациялық сұрақтарға жауап беруге тура келді. Ал, үшінші бөлім - үй тапсырмасы. Бұл кезеңде тақырыптық кештердегі жүргізушілердің шеберлігі сыналды, - дейді жарыс жүлдегері Ұлан Меңдіғазиев.
Сондай-ақ ол жоғары деңгейде ұйымдастырылған шарадан үлкен әсер алғанын айтады. Абыройымызды асқақтатқан аудан шараларының шырайын келтіріп жүрген қос өнерпазымызға шығармашылық шабыт тілейміз.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ