Елімізде 1 наурыз - «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде.
2016 жылы 14-қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Осы атаулы күнге орай бүгін аудандық Жалын мәдениет үйінде «Елім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара өтті. Шараға қатысқан аудан әкімі Полымбет Хасанов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
- Сіздерді көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл мереке – қиын қыстау кезеңде қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған қонақжай қазақ халқының дархандығы мен бауырмалдылығын дәріптейтін күн. Сол уақытта қазақ халқы сырттан келген өзге ұлтты жатсынбай, барлығына бірдей қамқорлық көрсетті.
Бүгінгі күні елімізде түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік пен келісімнің, ынтымақ пен достықтың озық үлгісін көрсетуде. Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері осындай мамыражай ғұмыр кешіп жатқандары үшін қазақ халқына деген ризашылық сезімдерін осы мереке арқылы жеткізуде.
Осынау күн барымызды бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды, - деді аудан басшысы.
Бұдан соң құттықтау сөз кезегін алған Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Исатай ауданының Құрметті азаматы Зелимхан Зубариев қазақ ұлтының өзіне деген ерекше құрметіне тоқталып өтті.
- Мен шешен халқының өкілімін. Бірақ тағдыр айдап қазақтар арасына келгенімізге 80 жылға жуықтады. Өзім осы елде дүниеге келдім. Ең бірінші көрген аспаным, табаным тиген топырақ, ішкен суым, жеген наным қазақтыкы.
Менің Атырау облысының азаматы болғаныма да 50 жылдай уақыт өтсе, оның 50 жылында Исатай ауданында тұрып жатырмын. Көршім қазақ, ауылдастарымның бәрі қазақ, жұмыстастарым тағы сол. Балаларым қазақ арасында өсті. Немерелерімнің достары да қазақ. Сонда менің денемнен аққан қанымның жартысы шешендікі болса, жартысы қазақтыкы. Жүрегім қазақ деп соғады. Қазақ достарым қыз ұзатып, келін алса, құдалыққа сен бар деп мені жұмсайды. Соғым сойса, бір шеке сенікі деп маған ұстатады. Сонда мен қазақтардың ақсақалына айналып бара жатырмын, яғни қазақтың ұлымын. Мүмкін содан да болар мен қазірде Исатай ауданының Құрметті азаматымын.
Ендеше, бүгінгідей алғыс айту күні өзім туған Қазақстанға, мені аялап өсірген, азамат қатарына қосқан қазақ халқына, соның ішінде өзім тұрып жатқан Исатай ауданы халқына алғыс айтпағанда кімге айтамын. Мың алғыс сіздерге. Қазақ халқының аспаны ашық, жұлдыздары көп, жүректерінде жылу азаймасын. Мен сіздермен біргемін, мәңгіге жақсы көремін. Жасасын, Жаңа Қазақстан, - деді ол.
Шара соңы Жалын мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Әділбек СЫРЫМОВ