Тамырын тереңге жайған Зинеден ауылының табиғаты мен тарихын әнге қосып жүргендер аз емес. Ауылдың мәртебесін көтеріп, атын алысқа шығаратын туған жерден әлі талай перзенттер туатынына ел сенімді.
Ауылдың сондай перзенттерін қанаттандыру мақсатында ауылдық клубта «Жұлдызым жарқыра» ән байқауы өткізілді. Биылғы «Балалар» жылына орай ұйымдастырылған байқауға 6 мен 12 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатысты.
Байқаудың шарты бойынша қатысушылар бірінші кезеңде туған жер, Отан тақырыптарына қатысты патриоттық әндерді айтса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндерді шырқады.
Нәтижесінде «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнін орындаған 3-сынып оқушысы Ақерке Райбекқызы бас жүлдені бағындырды. Ал, І орын Отан туралы ән шырқаған 2-сынып оқушысы Нұрсая Асыланқызына бұйырды. Барлық қатысушы бүлдіршіндер диплом, алғыс хаттармен марапатталып, сый-сыяпаттар табыс етілді.
Берікбол ҚОНАРОВ