Қазақ халқы өнерді қастерлеп, құрметпен қарайтыны баршаға белгілі. Нарын топырағында да халықты өнерімен сусындатқан тұлғалар аз болмаған.
Әр өнердің өзіндік орны, көрерменге сыйлайтын ләззаты бар. Жуырда аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өнерді құрметтеген аудан халқы үшін Халықаралық би күніне арналған «Сиқырлы би әлемі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аталған концертте би өнері біреулер үшін жәй ғана қимыл болып көрінгенімен, әр қимылдың астарында үлкен мағына бар екеніне көз жеткізгендей болдық.
Алғаш сахна ашылғаннан бастап, бишілердің жарасымды қимылдары көрермендерді баурап алды десе де болады. Көрерменнің көңілін жадырататын әдемі кештің жүргізушілері әдеттегіден ерекше әзіл-қалжыңға толы диалог жасау арқылы кештің көрігін қыздырды.
Көрермендер де әр ұлт өкілдерінің ұйғыр, хорезм, түрік, гавай, грузин билерін тамашалап, ризашылықтарын қол соғып қошемет көрсету арқылы білдірді. Одан бөлек, «Маша мен аю» образын сомдап билеген «Балапандар» кіші топ бишілеріне де көптің қолдауы ерекше болды, тіпті, таныс әуен естілгенде залдағы кішкентай бүлдіршіндер де бірге биледі.
Бишілердің концертке тыңғылықты дайындалғандары көрініп тұрды. Би үйірмесінің жетекшісі Таңшолпан Мұғаудың айтуынша, би кешіне он күн қалғанда қызу дайындыққа кіріскен.
«Жұмысқа таңертең ерте келіп, кеш шығамыз. Концерттің қалай өтетінін ойлап, уайымдағаным рас. Тіпті, кештің кемшіліксіз аяқталғанын менен артық тілеген адам болмас», - дейді ол.
Би үйірмесінде бүгінде бес топта елуден астам оқушы тәрбиеленуде. Олар – «Балапандар», «Таңшолпан» кіші топ, «Жұлдыздар» және «Шынарай» орта топ, «Кербез» үлкен топ бишілері. Сондай-ақ концертті әсем әнмен әрлеген өнерпаздарға да көрермендердің құрметі ерекше болды. Кеш барысында LED экраннан оқушыардың дайындық кезінде түсірілген және би өнерінің қимыл-қозғалыстары бүлдіршіндердің денсаулығына оң әсер ететіні жөнінде бейнеролик көрсетілді.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан үйірме жетекшісі Таңшолпан Мұғауға өзінің құттықтау хатын табыс етсе, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегисинов үйірме құрамындағы әр топқа алғыс хатын табыстады.
Аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры Шара Нақыпбекова өзінің қорытынды сөзінде, мерекелік кештің жақсы өтуіне ұйытқы болған үйірме жетекшісі Таңшолпан Мұғауға, өнерлерін ортаға салған бишілерге ризашылығын білдірді.
Берікбол ҚОНАРОВ