Жанбайда да Наурыз мерекесі үлкен ұйымшылдықпен атап өтілді.
Таңертеңгі сағат 10-ға жетер-жетпестен-ақ ауыл орталығындағы мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылған кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының әкелген ет, сүт, шұбат, қаймақ сияқты мал өнімдері жәрмеңкесі қыза түсті.
Осы кезде мейрамға жиналған жұртшылық ауыл өнерпаздары қойған сазды бағдарламасына ден қойды. Жиналған көрермендер ауыл жастарының өнерін жылы қабылдап, шынайы қошеметтерін білдіріп жатты.
Айтпақшы, наурыз көжеден де жамағатқа дәм таттыру да ұмыт қалған жоқ. Киіз үйлер тігіліп, әрбір мекеме өз еңбек ардагерлеріне құрметтерін көрсетті. Сондай-ақ жанбайлық қыз-келіншектер алтыбақанда тербеліп, ән шырқап, бір жасап қалды.
Бұдан соң округ әкімі Дидар Есмұханов ауылдастарын Наурыз мерекесі-Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, сөз сөйледі.
Ауылдың қадірлі ақасақалы, ауданның Құрметті азаматы Мырзажан Балпанов та аталық ақ тілегін арнап, батасын берді. Құттықтаудан соң сазды бағдарламаға ұласты. Сахналық қойылымдар қойылды. Спорттық шаралар өткізіліп, одан жүлде алғандар салтанатты түрде марапатталды.
Аяпберген САЛИХОВ