Тәуелсіздік күні мерекесіне орай әуесқой композитор, үздік Мәдениет қайраткері, домбырашы Шәмшиден Шәріпов күйлерін орындаудан" Жас екпін" аудандық жас домбырашылар байқауы өтті.
Аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұйымдастыруымен өткен байқау Ш.Шәріпов күйлері мен шығармаларын насихаттау, балалардың аспапта ойнау, дәстүрлі күй өнерінің мәртебесін арттырып, көркем шығармаға деген құштарлығын арттыруға негізделді. Оған ауданымыздағы саз мектептерінің оқушылары және Шәмшиден атамыздың шөберелері қатысты.
Шара шымылдығын Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің оқушыларынан құралған "Балдырғандар" оркестрі Мырза Тоқтаболатұлының "Мереке" күйімен ашты (Жетекшісі: Айтқабыл Латифұлы).
Байқау талабы бойынша қатысушыға 2 шығарма орындауы жүктелген. Біріншісі - Ш.Шәріповтің "Ауыл шаттығы" күйі (міндетті), ал, екінші күй өз қалауы бойынша таңдалады.
Байқау нәтижесінде үшінші орынға Айзада Бауыржанқызы (Мейрамгүл Наурызова), Дильназ Қапсихқызы (Света Қасанова), Бекет Асылер (Роза Идырсалиева) қол жеткізсе, екінші орынға Қуат Айзере (Зоя Насиханова) мен Дендербай Өнербек (Клара Қамекешова) ие болды.
Ал, бірінші орын мен бас жүлде Жұмажан Асылжан мен Қуанышкерей Ақнұрға бұйырды (Зоя Насиханова). Барлық қатысушылар және лауреат дайындаған ұстаздар алғыс хаттармен марапатталды.
Альбина Мидар,
Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің мұғалімі