Әскерден неге қашқақтаймыз?

Көктемгі әскерге шақырушылардың медициналық комиссиясында ауданымыздан әскер қатарына барушылардың, тіпті тиісті дәрігерлік сараптамадан өтушілер санының мардымсыз екендігі айтылды.

Оған негізгі себеп науқанға шақырылушылардың өз міндеттеріне бейжай қарауы болып отыр. Денсаулығы жарамайтындары да аз емес. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Н.Абежан, медициналық комиссия төрайымы Н.Кабулова, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ә.Сағындықов және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, комиссия төрайымының орынбасары Г.Ниязалиев талқылаған негізгі мәселе әскерге шақырылушылардың уақытылы медициналық дәрігерлік сараптау комиссиясынан өтуін қадағалау болды. Оған алаңдайтын негіз де бар. Г.Ниязалиевтің келтірген мәліметінше, бүгінгі таңда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің талабы толық орындалмай келеді. Мәселен, былтыр күзде әскер қатарына жіберілгендер саны 31 адам болса, бұл жүктеменің 67 пайызын ғана құрайды екен. Ал, күні бүгін көктемгі әскерге шақыру науқанында 264 азамат шақырту алған. Әзірге келгені - 112.

Азаматтардың дер кезінде сараптамадан өтіп, әскер қатарына жіберілуі тек жауапты мекеменің ғана жұмысы емес. Бұл міндетке жұмыла кіріспей, іс оңға баспайды. Ең алдымен түсінік жұмыстары өз деңгейінде жүріп отыруы тиіс. Өйткені, болашақ сарбаздың бойында ең бірінші патриоттық сезім, Отан қорғауға деген талпыныс болуы қажет. Ал, оны қалыптастыруда тиісті салалар, мәселен, жастар ұйымдары, мәдениет бөлімі, білім беру мекемелері кешенді түрде атсалысса, нұр үстіне нұр. Сонда ғана жастардың әскерге деген құштарлығы арта түсері анық.

Жиында болғандардың ортақ түйіні осы болды. Рас, одан да басқа мәселелер жоқ емес. Мысалы, ауданда дәрігерлердің тапшылығына байланысты кейбір медициналық сараптау комиссиясы кезінде мамандардың болмай қалуы секілді жағдайлар кездесіп қалады. Өйткені, олардың негізгі жұмысы адам емдеу болғандықтан, аудан орталығындағы санаулы дәрігер аурудан ауыспай жатады. Қорыта келгенде, комиссия мүшелері бұл жүкті жұмыла көтеріп, түйткілді бірлесе шешуіміз керек деген бір тоқтамға келді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521