12 жасында – ашаршылық, 19 жасында соғыс көрген Яхия Тасыров бүгінде – 103 жаста

 

Жалағашқа жақындағанда оның жүрегі кеудесіне сыймай атқылап, соғысқа дейінгі өмірі, зобалаң жылдардағы ата-анасының жайы, бауырларының хәлі, асыр салып ойнаған достары көз алдына келеді. Әсіресе, туған жердің топырағы, ауасы... Тереңөзектен түсіп қалуға бола ма? Болады, бірақ онда құшақ жая күтіп отырған ешкім жоқ. Бәрі Ташкентте. Жанарын жас жуады. Оны қайта-қайта орамалмен сүртуден басқа амал жоқ.

 

Осылайша, жүрдектеген пойыз Тереңөзекке келіп тоқтайды. Яхия қария балдағын ұстап, аяғын сүйретіп сыртқа шығады. Апыр-топыр адам, ешкімді танымайды. Ең бастысы, туған жердің жұпар иісі, саф ауасы аңқып тұр.

 

Пойыз аялдаған уақыт жарықтың жылдамдығындай өтіп, майдангер пойызға бет алғанда "Яхия, Яхия!" деген дауыс естіледі. Қарап қалса, біреу қатты құшақтап алады. Бұл кісі – кенттің ауылнайы, атақты Ахметтің Әлиі екен. "Қайда барасың? Қал осында! Елдеміз ғой… Тереңөзек тұрғанда Ташкенті несі?!" дейді Әли екпінмен. Осылай ойда-жоқта туған жерге табаны тиген майдангерді үйіне алып барып, мал сойып, қонақ етеді. Кейіннен отбасын құруына, жұмысқа орналасуына көмектеседі.

 

"80 жыл бойы мерекеде жыламаған күнім болған жоқ"

 

Сырдариялық журналист, ақын Ақтөре Ибрагимұлы майдангердің есімін танытуда көп еңбек сіңірді. Аудандық газет пен сайтта, әлеуметтік желілерде де Яхия Тасыров есімін ұлықтады.

 

– Соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған майдангер "Қызыл жұлдыз", І, ІІ дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы медальдарымен және басқа да көптеген төсбелгімен марапатталған. Бейбіт өмірге араласқаннан кейін аудан орталығындағы сүт зауытында 16 жыл қойма меңгерушісі ретінде еңбек етті, 1960 жылы Жалағаш ауданының сүт зауытында шебер болып ауысып, еңбектің көрігін қыздырды. 1962 жылдан бастап "Узтопта" 10 жыл қойма меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырған майдангер 1972-1982 жылдар аралығында ПМК-1608 мекемесінде, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан, – дейді ол.

 

Журналист Яхия Тасыровтың отбасы жөнінде де мәліметтер бере кетті.

 

– Жары Ұлжалғас Демесінқызымен бірге 3 ұл, 3 қызды бағып-қағып өсірген. Екі қызы ертерек шетінеп кетсе, екі ұлы қайтыс болған. Қазір қария ұлы Аманкелді мен қызы Сапурадан тараған ұрпақтарының, немере-шөберелерінің қызығын көруде. Немересі Ержан мен келіні Гүлбану ардагердің бабын жасап, бағып-қағып, бар жағдайын жасап отыр. Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ауданда өткізілетін іс-шараларға қатысып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиелі болуына өз үлесін қосып келеді, – деп сөзін қорытындылады бізбен әңгімесінде.

 

103 жастағы соғыс ардагерін көп сөйлете алмадық. Өткенді есіне қайта-қайта айтып, жүрегіне ауыртпалық салудың керегі де шамалы. Бастысы – батырдың аман-саулығы.

 

– 9 мамыр күнін жұртшылық мереке деп атап өтіп, бірін-бірі құттықтап жатады ғой. Әрине, дұрыс. Бірақ мен сол мереке күні көзіме жас аламын. 80 жыл болды, 80 жыл бойы мерекеде жыламаған күнім болған жоқ. Жылайтыным, миллиондаған жас қыршын кетті. Талай отбасының оты сөнді, ошағы сынды. Қалай жыламайсың? Қарағым, соғыстың зардабын бізден артық ешкім түсінбейді. Жатсам да, тұрсам да енді соғыс болмасын деп тілеймін, – деп тағы көзіне бір жас алды Яхия Тасыров.

 

"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бата бердім"

 

Мемлекет басшысы Қорқыт атаның басына келгенде де майдангер Яхия Тасыров батасын берген. Мұны өзі ерекше есіне алады. Мұнан бөлек талай министр мен облыс, қала, аудан әкімдеріне тілеулестік ниетте батасын арнаған. Батагөй ақсақал ақ батасын беріп, көлік те мінді, үй де алды, құрметті де көріп келеді.

 

– Көзім осы жылы сәл нашарлады. Кейде бұлдырап, суланады. Бірақ жолымды көремін. Адамдарды танимын. Газеттегі үлкен жазуларды оқи аламын. Осы уақытқа дейін жаттаған баталарым қалған өміріме жетеді деп ойлаймын. Сөзі жақсы, мағыналы бата болса, оны жаттауға болады. Оған шамам жетеді, – дейді ол.

 

Майдангерді іздеп баратындар санында шек жоқ. Бәріне "Қане, қолыңды жай, батамды берейін" дейді де, сан түрлі батасын қайырады.

 

"Сұрасаң, бата берейін,

 

Үстем болсын мерейің.

 

Сендер аман болыңдар,

 

Мен 110-ға келейін.

 

Әумин!" – деп дейді қария.

 

Әумин, әумин! Лайым солай болғай! "Жүз жасаңыз!" деген тілекті де орынсыз қолданып жүргендейміз... Осындай ойдан соң санада соғыс, мида майдан басталды...

 

     

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT